Күні-түні аппаратқа таңылған балақайға көмек қажет
Оңтүстік Кореяда емделіп жатқан кішкентай науқасқа қаржылай көмек керек. Алты жастағы Заңғарға дәрігерлер өткір лимфобластық лейкоз деген диагноз қойған. Яғни аққан ауруына шалдыққан оның әке-шешесі бір жарым жылдан бері баласының дертіне дауа іздеп жүр. Заңғардың жұлын майын ауыстырғанымен жағдайы жақсармапты. Бұған дейін оған қарындасының жілік майын салған Сеулдегі дәрігерлер енді әкесінің жұлын майын салып көреміз депті.
Автор: Диас Нұрақын
26.02.2020
Алты жастағы Заңғар басқа балалар секілді асыр салып ойнай алмайды. Күні-түні аппаратқа байланған балақайдың балалық шағы аурухана қабырғасында өтіп жатыр. Ақ қан ауруына шалдыққан кішкентай науқасқа біздің елде ем қонбаған. Сондықтан ата-анасы Оңтүсік Кореяға алып барыпты. Ол жерде құны 160 мың доллар тұратын операция жасалып, Заңғарға 4 жасар қарындасының жілік майы құйылған. Осыдан кейін құлан-таза айығып кеткен балақайдың жақында өлі жасушалары қайта оянып кетті дейді әкесі.
Мәулен Қоспанов, Заңғардың әкесі:
- Клетканың ояну салдарынан донор болған қызымның клеткаларынан басым болып кетіп Осыған қазір терапиямен емделіп жатырмыз. Әр таблеткасы қымбат тұрады екен. Бір таблетка 200 доллар. Күніне үш таблетка алып жатырмыз.
Егер осы дәрі дертіне дауа болмаса, онда Заңғарға тағы бір ота жасалады. Яғни кореялық дәрігерлер енді «әкесінің жұлын майын салып көреміз» депті. Ол отаның да бағасы 160 мың доллар. Осы күнге дейін бар-жиған тергенін баласының ем-домына жұмсаған ата-ана жомарт жандардан көмек сұрайді.
Гүлназ Балғаева, Заңғардың анасы:
- Тағы да қайтадан ота жасалынуы керек. Химия терапия алуымыз керек. Сол үшін сіздерден осы уақытқа дейін қолдау көрсеткендеріңіз үшін рахмет. Әлі де көмектеседі деген ойдамын. Бізге артқа шегінетін жол жоқ. Заңғардың толық өмір сүруіне күресуіміз керек.
Наурыздың екісінде Заңғардың жілік майынан кезекті сынама алынады. Сеулдегі дәрігерлер сол кезде нақты қандай ем қолданатынын айтамыз депті. Оған дейін баласы үшін отқа түсуге дайын ата-ана арнайы есеп-шот ашып, ақ қанға шалдыққан Заңғардың еміне елден қаржылай көмек жинауды бастап кетті.
Байланыс тел.: 8 707 981 87 07
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!