{metadescription}
Ақмола облысында екі ауылдық округтің қосылатынына тұрғындар қарсы шықты  
Ақмола облысында екі ауылдық округтің қосылатынына тұрғындар қарсы шықты  

Ақмола облысында екі ауылдық округтің қосылатынына тұрғындар қарсы шықты  

Қос ауыл қосылғысы келмейді! Ақмола облысында екі ауылдық округ орталығын қосылып, бір әкім тағайындалған. Атбасар ауданының басшылары осылай оңтайландыру саясатын жүргізбек болыпты. Бірақ Есенгелдінің тұрғындары Сепеге қосылмаймыз деп отыр. Олар екі елді мекеннің тұрғын санын да, географиялық орналасуын да ешкім ескермегенін айтады. «Шенеуніктер сыртымыздан тон пішті» дейді наразы жұрт.

Тілекей көлін жағалай келіп ел қонғалы 115 жыл уақыт өткен. 650 тұрғыны 23 шаруашылық құрып, өз бетінше шалғайда тірлік етіп жатқан. Аяқ астынан округ орталығы мәртебесі алынып, 90 шақырым жердегі Сепе ауылына беріледі дегелі тұрғындардан маза кетті. Содан бері олар Есенгелді ауылдық округін «жабуға жол бермейміз» деп дүрлігіп жүр.

Есенгелдінің тұрғындары жыл басталысымен естілген жағымсыз жаңалықтан соң қол жинап, жан-жаққа хат та жөнелтіп жатыр. Ал аудан басшылығы ауылға жаңа әкімді тағайындап та қойған. Әйтсе де дүрліккен жұрт оны мүлдем тыңдағысы келмеді. Тұрғындар бұл істің артында біреулердің жеке мүддесі тұрғанына сенімді.  

Дулат Қазбағаров, Есенгелді ауылының тұрғыны:

- Біздің совхозды ақырын-ақырын құртқысы келеді. Біреуге жер керек шығар. Біздің аумақ үлкен – 28 мың гектар. Сепе бізден 90 шақырым алыс. Біздің әкімдер не ойлады, екеуін қосып жатқанда? Статистикаға қарағанда біздің ауыл үлкен ғой.

Бәрінен бұрын «тұрғындар келісімімен оңтайландыру саясаты жүзеге асып жатыр» деген ауданнан келген хаттама олардың ашуына тиген. Сөздеріне сенсек, Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов халықпен кездесуде дәл осы мәселеге келгенде орнынан атып тұрып кетіп қалған. Ал аудан билігі халық өз келісімін берген дегеннен танар емес.

Абай Бекбаев, Атбасар ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазір мен сіздерге бұл жағдай неге ушығып кеткенін түсіндіре алмаймын. 2018 жылдың қарашасынан бері көтеріліп, шешілді ғой. Егер сол кезде қарсымыз десе, мүмкін, оңтайландыру шарасы өтпес пе еді...

Бұған басқа себеп те бар көрінеді. 1-қаңтардан бастап ауылдық округтер түскен қаражатты өзі басқармақ. Оның үстіне Сепе Есенгелді ауылына қарағанда 25 есе көп салық жинаған. «Бірақ көлемі, адам саны, қоныстануға ыңғайлылығы жағынан келмейді, - дейді тұрғындар. Сондықтан тұрғындар бұл шешіммен келіспей, Бас прокуратура мен облыс әкіміне шағым жазды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде