Шымкентте кәсіпкерді тапсырыспен өлтіргендер сотталды
Шымкентте кәсіпкерді өлтірген жендет пен оған тапсырыс берген азаматқа сот үкімі шықты. Бизнес-серіктесінің көзін құртуды жөн көрген Ержан Қалдыбаев 15 жылға, ал тапсырысты орындаған Бақдаулет Биқожааев кісі өлтіргені және заңсыз қару сақтағаны үшін 17 жарым жылға сотталды.
Автор: Бек Әбиев
26.02.2020
Оқиға былтыр шілдеде болған. Үйінен көлігімен шығып бара жатқан Жарылқап Алдабергеновті киллер шолақ мылтықтан атып өлтіреді. Екі айдан соң ұсталған баскесер – 31 жастағы Бақдаулет Биқожаев кісі өлтіруге 5 миллион теңгеге келіскенін айтқан. Артынша тапсырыс беруші Ержан Қалдыбаев та өз еркімен полицияға берілген. Оның айтуынша, ортақ бизнестегі серіктесімен арада көп ақшаны жұмсап қойғаны үшін кикілжің туындапты. Сол үшін баскесер жалдағанымен, өлтіру емес, жәй қорқытуға тапсырыс беріпті-міс. Бірақ «шаш ал десе бас алғанның» керін келтірген киллер бизнесменді байқамай өлтіріп қойыпты. Алайда судья олардың сөзіне сенген жоқ. Енді екі қаскөй де жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтеуі тиіс. Ал марқұмның туыстары» үкім тым жұмсақ» деп отыр.
Есіркеп Алдабергенов, марқұм Ж. Алдабергеновтің әкесі:
- Бір елді сорлатты. Сорлаумен 8 ай болды күн-түні жылауменен жүрміз. Енді анау өлтірген адам да отбасын жылатып отыр. Оған 20-25, маған салса аттың құйрығына сүйреп өлтірер едім.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!