«Асар Отау» тұрғын үй кооперативі салымшыларын тақырға отырғызды
Алматыда «Асар Отау» тұрғын үй кооперативі салымшыларын тақырға отырғызды. Алаяқтардың арбауына түскендер сол күйі баспана кілтін алмаған. Соңғы екі жылдан бері ақшасын қайтара алмай әлек. 64 адамнан толассыз шағым түскен соң, бұл іске полиция араласты. Тергеу материалына сүйенсек, басты күдікті пайшылардың 200 млн теңгесін қалтасына басып, уәдені орындамаған.
Автор: Әсем Қабылбек
26.02.2020
Жарнамасы жер жарған «Асар отау» тұрғын үй кооперативі баспанасыз талай жанның үмітін маздатқан. Алайда іс жүзінде бәрі керісінше болып шықты. Кооператив төрайымы Айжан Сапирова пайшыларды сендіріп, алғашқы жарнаны жинаған. 1 млн 600 теңгесін санап бергендердің бірі - Айнұр Дәуіт. Ол құны 8 млн тұратын бір бөлмелі пәтерді алуға келісім-шартқа отырған. Банктен несие алып, үй ақысының 15 пайызын құяды.
Айнұр Дәуіт, Алматы қаласының тұрғыны:
- Үш айдың ішінде үйді ала аласыңдар деді. Бірақ үш айдың ішінде үй алмадық. «Қазір біз инвестиция тартып жатырмыз, инвестиция міне, болады. Шартты түрде келісім-шарт бар, кішкене күте тұрыңыздар» деді.
«Асар отау» кооперативіне сенген көпшіліктің айтуынша, компания бірден сенімге кіріпті. Құжаты Әділет министрлігінде тіркелген. Заңды мөрі бар. Тиісті соманы есепшотқа қолма-қол емес, екінші деңгейлі банк арқылы аударған. Алматыдан өзге Қаскелең, Шымкент, Атырау, Ақтау, Нұр-Сұлтан қалаларында бөлімшелері жұмыс істеген.
Хадиша Жұманова, Қаскелең қаласының тұрғыны:
- Қаскелең қаласынан 1-2 адам үй алды деп естідім. Сол алғандарды айтқаннан кейін «үй алды, бәрі жақсы бұл компания» дегеннен кейін сол жерге барып салдым. Бірақ мен 4 млн-ды толық салмадым, бөліп салдым.«Алдыға қарай кезегіңіз жылжиды, көбірек салсаңыз» дегеннен кейін тағы да 2 млн қосып, жалпы 4 млн салдым.
Толассыз шағымнан соң пайшылардың ісіне полиция араласты. Тергеу мәліметіне сүйенсек, кооперативке 10 млн теңгеге дейін салғандар бар. Ал кооператив төрайымы Айжан Сапирова жақында босанып, тергеуге үйінен келіп жүр. Оның үстінен аса ірі көлемде алаяқтықпен айналысты деген іс қозғалған.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
- Сезікті азаматша бірден полицияға жеткізіліп түсініктеме берген. Яғни сұрақ-жауап алу кезінде өз кінәсін толығымен мойындады. Қазір жәбірленушілердің саны 64 болып отыр. Барлығы ресми түрде шағым түсірді. Қазір қылмыстық іс бойынша сот экономикалық сараптама тағайындалды.
Қоныс тойын тойлау арманы салы суға кеткен. Ендігі көздегендері – істі тезірек сотқа жеткізу.
Кооперативке тиесілі кеңсе қазір жабық тұр. Алданған жұрт кооператив төрайымынан өздеріне тиесілі қаржыны қайтаруын талап етеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!