Баян Алагөзова толық қыздар туралы комедия түсірді
Баян Алагөзова тағы да фильм түсірді. Бұл жолы сылқым сұлулар емес, артық салмағы бар қыздар жайында. «Я – пышка» деп аталатын комедия арманына жету жолында түрлі тосын жайттарға тап болған етжеңді бойжеткеннің оқиғасын суреттейді. Картина әр қыздың әдемі болуы өз қолында екенін әсерлі жеткізуге тырысқан.
Автор: Салтанат Шырынхан
27.02.2020
Еліміздегі толық қыздардың сән әлемі туралы түсірілген тұңғыш туындының жабық көрсетілімі болды.
25 жастағы Пышка сән үйінде жұмыс істейді. Арманы - өзі секілді артық салмақтағы қыздарға арналған киім үлгілерін тігіп, танымал дизайнер болу. Толық бойжеткеннің өмірі туған күнінен соң күрт өзгереді. Марқұм әжесі оған өсиет хатпен қоса, сиқырлы оймақ қалдырыпты. Өзіне көйлек тіккен Пышка аяқ астынан талдырмаш хас сұлуға айналады. Сөйтіп сымбатты көркімен армандаған жігітіне де қол жеткізеді.
Бірақ ол құдырет сиқырлы құралмен тігілген көйлек шешілгенде күшін жояды. Осылайша өз мақсатына жету жолында түрлі шытырман оқиғаға тап болған қызды сомдаған актриса өмірде де толықтығы талай рет кедергі болғанын еске алды. «Дегенмен бұл пайдама да жарады», - дейді.
Назерке Назарова, актриса:
- Мен әртіс болатынымды білдім. Айтуға ұялдым. Айтсам, маған күледі. Неге? Өйткені толық адамды қабылдай алмайды. Бәрі маған айтқан: «сен сияқты актрисалар көп, ешқашан актриса бола алмайсың». Өз-өзін танып тұрған шығар сол. Қыз балада сенімділік болу керек. Егер сенімділік болмаса, мен мына жерде, сіздердің алдарыңызда тұрмас едім.
Фильм Алматы қаласында 40 күнде түсірілген. Продюсердің айтуынша, бәрінен бұрын семіз мысықты табу әсте қиынға түсіпті. Салмағы 16 келіні құрайды. Сондай-ақ, туындыда тек отандық дизайнердің киімдері ғана қолданылған.
Баян Алагөзова, продюсер:
- Фильм толықтай киіммен көмкерілді десем, артық айтқаным болмас. Өйткені кейіпкерлерге 300-ге жуық көйлек тігілді. Қаншасы бүлініп те қалды. Жалпы, кез келген жақсы туынды адамды мейірімді болуға шақырады. Көрерменнің қуанып, жадырап шыққан жүзін көргенде, біздің де еңбегіміздің зая кетпегеніне риза боламыз.
Фильмді жасаушылар артық салмақтағы аруларды өзгенің және өз-өзін кемсітуіне жол бермеуі керектігін жеткізуге тырысқан. Сөйтіп картина алғашқы көрсетілімнен-ақ көпшіліктің жоғары бағасын иеленді.
Ақбаян Ташева, көрермен:
- Бүгін кинодан алған әсерім өте керемет. Өте жоғары деңгейде түсірілген. Біздің Қазақстан киноларының арасында ең алғашқы фильм деп ойлаймын, жанағы сән бойынша. Бұл жерде тек қана күлдіру, комедия жанрында ғана емес, толық қыздар көбінесе өзі қымсынады ғой. Мотивация алуға да болады.
Толық қыздың асқақ арманы мен сүйгеніне қалай жеткенін білгіңіз келсе, бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілетін «Я – пышка» комедиясын тамашалауға асығыңыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!