Алматының Алғабас тұрғындары толарсақтан саз кешкеніне бірнеше жылдан асты
Жол ашуы жан ашуына айналды. Алматыдағы шеткі ықшамауданның тұрғындары көшелерінің сиқы қашып, батпаққа тобығынан батып жүргенін айтады. Амалы таусылған тұрғындар әкімдіктің назарын аудару үшін жолды жабуға тырысты. Қалаға қарайтын Алғабас ықшамауданының ахуалы «алыстағы ауылдан бетер» деген тұрғындар балшықтың кесірінен оқушылардың мектепке жетуі де қиындағанын айтады.
Автор: Мақсат Мәлік
27.02.2020
Жанға батқан жолдың жыры Алғабас ықшамауданының тұрғындарын еріксіз көшеге сүйреді. Ұлардай шулаған жұрт жолды жауып, әкімдіктің назарын аударуға бекінген. Ал ашулы топты әрең тоқтатқан тәртіп сақшылары тұрғындарды сабырға шақырып әлек.
Алғабастықтардың толарсақтан саз, балшық кешіп жүргеніне бірнеше жылдан асыпты. Көше бойынан ешбір өркениеттің белгісі байқалмайды. Ойдым-ойдым жолдан адам тұрмақ, көліктің өзі әрең өтеді.
Рыскүл Есенғұлова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Осы қалаға қосылдық қой, төрт жыл болды. Қаладан бір көмек көрген жоқпыз. Сонда балпақ кешіп өмір сүреміз бе? Бұл жерде қанша көше балшық? Алты көше! Мына жерде мектепке кіретін басты көшемен алты көше бар, кірсең, адасасың.
Нұрмұхамед Мүтәліп, Алматы қаласының тұрғыны:
- Өзіміз қалтадан ақша жинап, жүгіріп, Барахолка және тағы бір жерлерде қазылған ескі асфальтті төсеп жүрміз. Мәселені айтпасақ болмайды, бұл Алғабаста ие бар ма?
Жыртыққа жамау іздеп жүргенде былтырдан бері онсыз да сиқы қашқан көшені «кәріз құбырын жүргіземіз» деп қаза бастаған көрінеді. Тұрғындар ахуалды одан сайын ушықтырған мердігер компанияның салғырттығы мен жергілікті әкімдіктің бейқамдығына қапалы.
Қар немесе жаңбыр жауса, алғабастықтарға бұл көшелермен жүру – нағыз қиямет-қайым. Әсіресе оқушылар іргедегі мектепке жете алмай қиналады екен. Қос-қостан баласының етігін ұстаған ата-аналар күнініне бірнеше рет аяқ-киім ауыстыратынын айтады.
Айткүл Жұмабекова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Мына аяқты қараңыз. Осы аяқпен мектепке кіреді ғой. Киімдерінің бәрі быт-шыт болып. Аяқ-киімнен аяқ-киім жоқ. Ай сайын бір аяқ-киім алатын болдық біз деген. Ана үкіметтен беріп жатқан 53 мың теңгені 5 балама аламын. Бес балаға ай сайын бес аяқ-киім алыңдар деп беріп жатыр ма, мен түсінбедім.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, Алғабаста өткен жылы орталық инженерлік желілер жүргізу жұмыстары басталған. Ал, жаңа жол салуға арналған жобалық-сметалық құжат алдағы мамыр айында дайын болады екен.
Ертіс Бесіров, Алатау ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
- Өздеріңіз білесіздер, бірінші инженерлік желілердің құрылыс аяқталмай жаңа жол салынбайды. Бұл жердегі 80 пайыз жолда бұрыннан асфальт жамылғысы болмаған. Сол болмаған жерлердің бәріне жаңа жол салуға жоба дайындалуда.
Жоба бойынша алдағы жылы Алғабаста 30 шақырым жолға асфальт төселмек. Ал шенеуніктердің сөзіне сенімсіздік танытқан тұрғындар әкім-қаралар көшемізге келіп, жағдайымызды көзбен көріп кетсе дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!