Оралдың қақ ортасында 40 мың тұрғын сусыз қалуы мүмкін
Оралда 40 мыңға жуық тұрғын сусыз қалуы мүмкін. Қаланың қақ ортасындағы жарылған су құбырын жөндеуге миллиардтан астам теңге қажет.
Автор: Жаңалық Ахаш
27.02.2020
Кеше кештен бері комуналдық мекеменің апат болғанда жауап беретін бөліміне тұрғындар тыным бермей жатыр. Себебі, су желісі өтетін жердің 75 метрдей аумағында топырақ опырылып түсіп, құбырды жапырып тастаған. Енді жұмысшылар оны қайта ауыстырып, құдыққа жиналған суды арнайы қондырғымен сорғытуда. Бес бірдей ықшамауданды тіршілік нәрімен қамтып отырған су желісі бір жылдан бері комуналшыларды титықтатып келеді. Себебі, 10 жыл бұрын салынған құбыр су қысымын көтере алмайды. Былтыр осының кесірінен төрт рет жарылған. Енді алты шақырым су құбырын қайта салуға бір миллиард 266 миллион теңге керек. Қазір су беруді тоқтатпағанымен, қысымын барынша азайтқан.
Қайырғали Имашев, «Батыс су арнасы» ЖШС бас директоры:
- Бұл коллекторда тағы да апат болса, не істерімізді білмейміз. Қолдан келері – тек су қысымын азайту. Осы маңда қырық мыңдай тұрғын бар. Енді бірде-бір әлеуметтік нысанды сусыз қалдырмауға тырысамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!