Атын өзгерткен LRT балаларға неге аяқасты жеңілдік жасады?
Астана LRT атауын өзгертті. Аяқасты «CTS» болып шыға келген компания елорда тұрғындарын жаңа тарифпен қуантып отыр. Наурыздың 28-нен бастап 18 жасқа толмаған балалар қоғамдық көлікпен тегін қатынайтын болады. Онсыз да бюджеттің субсидиясына қарап отырған сала неліктен аяқасты жеңілдік жасай қалды? Әлде бұл ЛРТ құрылысындағы ірі көлемдегі жемқорлық қылмысын жуып-шаюдың амалы ма?
Автор: Нұрқанат Омарұлы
27.02.2020
Бұрынғы ЛРТ, қазіргі CTS басшысы атаудың өзгеруі «жемқорлық дауын жуып-шаюмен мүлдем байланысты емес» деп бірден ақталуға тырысты. ЛРТ құрылысындағы жемқорлық кесірінен мемлекеттің бірнеше миллиарды талан-таражға түскен болатын. Бірақ компания басшылығы ребредингті мұнымен байланыстырғысы жоқ. Тек бұрынғы атау серіктестіктің «жұмыс аясын тарылтып келді» деген пікірде.
Оксана Лоскутова, «CTS» ЖШС Қоғаммен байланыс қызметінің басшысы:
- Жалпы атау компанияның қызметіне шектеу қоятын сияқты. Сол себепті, қала басшылығымен осындай шешім қабылданды, яғни «CTS» деп өзгертілді. Бір жағынан ыңғайлы, бір жағынан жасыл түс неге таңдалды деген көптеген сұрақ оған дейін де қойылып жатты. Жасыл түс – алға ұмтылу дегенді білдіреді.
Бұған дейін «субсидия жетіспейді» деп үнемі шағымданған компания кенеттен «18 жасқа дейінгі балаларды тегін тасымалдайтын болдық» деп жарияға жар салып отыр. Қоғамдық көлік тарифіндегі бұл жеңілдік наурыздың 28-нен бастап күшіне енеді.
Бекмырза Игенбердинов, «CTS» ЖШС басқарма төрағасы:
- Бүгінде елорда бойынша 130 мың оқушы қоғамдық көлікпен қатынайды. Жол құнын тегін ету арқылы тасымалдаушы компаниялар айына шамамен 30 миллион теңгедей табыстан қағылады.
CTS болып жаңғырған серіктестік басшысының сөзінше, атауды өзгерту шаралары тарифтің өсуіне еш әсерін тигізбейді. Тіпті жаңа таңбаның нобайын жасатуға бар болғаны 100 мың теңге жұмсалған екен. Бірақ 100 мың теңгенің амалы миллиардтаған жемқорлық шығынының жарасын жаза алады дегенге сену қиын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!