Елорда полиция күшейтілген режимге көшті
Елорда да бүгін тағы ақтүтек бораннан көз ашпады. Ал кешегі жаңбыр жолды көк мұзға айналдырып жіберген. Жолда жүру қиындап, апат көбейген соң, полиция күшейтілген режимге көшті. Боранда бір адам көз жұмған. Марқұм жүк көлігінің алдынан шығып, алдында жол апаты болып жатқанын ескертпекші болған екен. Бірақ жүргізуші тоқтай алмай қағып өткен.
Автор: Ербол Тұрымбет
27.02.2020
Бүгін таң атпастан әлеуметтік желілерде Елордадағы боран салдарын бейнелейтін видеолар қаптап кетті. Көлік айдаған адамға алдын болжап білу мүмкін емес. Арасында бір-бірімен соқтығысып, қирап жатқан көліктер жетерлік. Соның ақыры адам ажалына әкеп соқты.
Қапыда көз жұмған кісінің тек 1969 жылдың тумасы екені белгілі. Әзірге одан артық мәлімет айтылған жоқ. Куәгерлердің айтуынша, жүк көлігі жол бойын қардан тазалап жүрген тракторға соғылып барып тоқтаған.
Адам өмірін қиған қайғылы жол апаты осы жерде болған. Жол бойындағы жаяуды қаққан қар тазалау техникасы әлі де сол орнында тұр. Қазір жүргізушінің басқа да әріптестері келіп, тұмсығы жапырылған жүк көлігін жөнге келтіріп сүйреп алып кетпекші.
Ауыр техниканың алдыңғы жақ дөңгелегі қатты бүлінген. Көлік өздігінен жүруге жарамайды. Оны сүйреуге ыңғайлау үшін жұмысшылар аянып жатқан жоқ. Аяқтың астындағы адам мәйітінің қан іздеріне де қарар емес. Ал көлік тізгінінде болған 1956 жылдың тумасы «тәжірибелі жүргізуші» дейді әріптестері.
- Нұрекең, Нұржан ғой ол кісінің аты. Таң қалдым шыны керек, есіді жинай алмай қалдым. Адам өліп қалды. Алдынан шыққан деп айтып жатыр. «Тоқта, тура осы жерде жол-көлік апаты болып жатыр» демек болған ғой. Боран, дым көрінбейді, 10-20 метрде. Сол кезде болып тұр ғой.
Әзірге бар күдік жолдағы мұзға тіреліп тұр. Соның кесірінен тоқтау қиын болған деген болжам бар. Жалпы, ауа райының қолайсыздығынан бір күнде 74 жол апаты тіркеліпті.
Бауыржан Тоғжұман, Нұр-Сұлтан қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы:
- Нұр-Сұлтан-Қосшы бағытында 4 жол-көлік оқиғасы болды 18 автокөліктің қатысуымен. Қарағанды тасжолында Кеңмарт дүкеніне жетпей, 3 жол-көлік оқиғасы болды. Онда 8 автокөліктің қатысуымен.
Қазір одан жауап алынып, анықтау шаралары жүргізіліп жатыр. Боран қала тұрғындарына да кесірін тигізді. Кешелі бері жаңбыр мен қар аралас жауын қала ішін көк мұзға айналдырса, кей жерлер адам жүргісіз күйге түсті. Түннен бері 400-ге жуық адам жарақатымен дәрігерге келсе, соның 50-і мұзға тайып жығылғандар. Дәрігерлер оны «қалыпты көрсеткіш» дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!