Шенеуніктердің «Гарант 24 ломбардқа» қатысы болуы мүмкін бе?
Айран ішкені құтылмасын! «Гарант 24 ломбардқа» алданғандар «алаяқтыққа шенеуніктердің қатысы бар болуы мүмкін» дейді. Өйткені басшысы деген жас жігіттің жалғыз өзі осылай көпшілікті тақырға отырғызғанына сенбейді. Пирамидадан жапа шеккен тұрғындардың кезекті бір легі бүгін Алматыдағы Бостандық аудандық әкімдігінің алдына жиналды. Ақшасын жоғалтса да, оны қайтарудан үмітін үзбегендердің жайын КТК тілшісі баяндайды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
27.02.2020
Бостандық ауданы әкімдігінің алды бүгін құдды базарға айналғандай. Алматыдағы «Гарант 24 ломбардтың» құрбандары осында жиылды. Мұңдастар, телефондағы чаттастар өздерін шатастырғандардың артында «үлкен тіреуі бар» деп топшылайды.
Жанна Тынықбаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Осыны ұйымдастырған – жоғарыда отырған лауазымды адамдар. Өйткені жасөспірім балалар бұндайға өздерінің күшімен, өз ақшасымен шыға алмайды.
Бауыржан Заман, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бізге қайтаратын ақшаны қайтарып берсін. Біз артық ақша сұрап жатқан жоқпыз, тек өзіміздікін сұрап отырмыз.
Осындай өліара сәтте қайдан сүйеу табарын білмей сандалғандар «аудан әкімімен кездесеміз» деп ішке ентеледі. Жарты сағат дегенде әзер бой көрсеткен атқамінер жұрттың телефон нөмірлерін ғана жазып, жылы сөзбен кері шығарып салды.
- Қазір қаралып, тексеріліп жатыр, сондықтан бұл мәселеге қатысты сіздерге ештеңе айта алмаймын. Тексерудің нәтижесі дайын болғанда, біз сіздерге міндетті түрде айтамыз.
Көп асаймын деп тақырға отырғандар ең болмаса құйған қаржысын қайтарсақ деп үміттенеді. Сондықтан наразылық-ісшарасын жалғастырып, Ұлттық банктің алдына бармақ. Бұндай күйге түсуі олардың ойынша өздерінен емес, осындай ұйымдардың жұмысын дер кезінде қадағаламаған өзгелерден екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!