Коронавирус: Министр қандай елге бармауға кеңес берді
Коронавирус кесірінен қазақстандықтар баруға болмайтын қауіпті елдер саны тағы ұлғайды. Енді 11 елге сапарламаған жөн. Үкімет жоспарланған сапарды кейінге шегеруге қайта-қайта кеңес беріп жатыр. Індеттің өршуінен екі күннен кейін Оңтүстік Кореяға қатынайтын әуе рейсі азаяды. Сондай-ақ, бұл елдегі отандастарға есепке тұру қажет. Жұқпалы ауруға қарсы жасалып жатқан шараларды тілшіміз баяндайды.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
27.02.2020
Күн санап әлемді жайлап жатқан коронавирусты 81 мыңнан астам адам жұқтырған, 3 мыңдай науқас көз жұмды. Қауіпті кесел көбіне Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде дендеп тұр. Өлім-жітім де, ауру-сырқау осы елдерде тіркелген.
Денсаулық сақтау министрлігі Қытай, Гонконг, Макао, Тайвань, Оңтүстік Корея, Италия, Жапония, Иран, Сингапур, Таиланд, Малайзия елдеріне бармауға кеңес береді.
Күні кеше 1-ші наурыздан Оңтүстік Кореяға қатынайтын әуе рейсі қысқартылатыны хабарланды. Ал бүгін Сыртқы істер министрлігі сол елдегі жерлестерімізге үн қатты.
Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:
- Оңтүстік Кореядағы отандастарымызға айтарымыз: заңды немесе заңсыз мигрант міндетті түрде Қазақстан елшілігіне хабарласу сұралады. Бұл тегін және бәрі тез жасалатын жұмыс. Сол жақтағы елші күнде күні-түні, үзіліссіз адамдарды қабылдап жатыр. Консулдық есепте қазір небәрі 848 адам тұр.
Бүгінде Оңтүстік Кореяда 35 мың Қазақстан азаматы жүр. Жартысына жуығы заңсыз мигранттар. Ал Иранда 170 қазақстандық уақытша тұрып жатыр. Консулдық есепте 119 азаматымыз бар. Енді Иран-Қазақстан арасында ұшақ ұшпайтын болды.
Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:
- Тегеран-Алматы-Тегеран рейсі әр дүйсенбі сайын рейс жасайтын. Қазір бұл әуе қатынасы тоқтатылды. Вирус жұқтырғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Біздің азаматтармен байланысуға арнайы мессенджерде чат құрылды. Адам саны аз болғаннан кейін, барлығы бақылауда.
Коронавирустың өршуі екі айдан бері жер шарын дүр сілкіндірді. Осы уақыт ішінде жылдам таралып жатқан инфекцияның Қазақстанды айналып өткені бұқараның күмәнін туғызуда. Әзірге біздің елде ауру тіркелмегенімен, қауіптің өте жоғары екенін Денсаулық сақтау министрі растап отыр.
Елжан Біртанов, ҚР денсаулық сақтау министрі:
- Ол мүмкін емес. Расында да, қазір бізде короновирус жоқ. Болмайды деп айтуға аузым бармайды. Оның себебі – қауіп өте жоғары. Біз елімізде осындай науқастар болмасын, инфекция таралмасын деп қажетті шараларды дайындап жатырмыз. Ол дайындық өте маңызды.
Эпидемияның таралуына жол бермеу үшін инфекция жайлаған елдерден келген адамдар 14 күн бойы ешкіммен араласпай, үйінде отыруы тиіс. 10 күннен кейін ол адамнан ауру белгілері табылса, науқаспен қарым-қатынаста болғандардың бәрі оқшауланады.
Жақсылық Досқалиев, м. ғ. д., профессор:
- Бұның нәтижесін жоғарылату үшін халық өзі түсініп, халықтың өзі қорғаныс жағынан үлесін қосу керек деп санаймын. Ең бірінші санитарлық гигиена жағын сақтау, екіншісі, барма деген жерге бармау керек деп санаймын.
Еліміздің бас дәрігері қазақстандықтардан коронавирус табылған жағдайда, оларда қайда жатқызатынын айтты. Министрдің есебінше, елдегі медициналық ұйымдарда 11 мыңдай керует дайын тұр. Ал бұл орын жетпесе, өзге елдердің тәжірбиесіне сүйенбек. Мәселен, Қытайда қауіпті кеселді емдеу үшін стадион қайта жарақтандырылған. Ресми орган елде мұндай жағдай орын алмасына сенеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!