{metadescription}
Мазар тонап пайда тапқандарға іс қосғалып, арнайы топ құрылды
Мазар тонап пайда тапқандарға іс қосғалып, арнайы топ құрылды

Мазар тонап пайда тапқандарға іс қосғалып, арнайы топ құрылды

Мазар тонап, пайда тапқан! Алматы облысында зираттағы ұрлықтың көбеюі тұрғындардың ашуын туғызды. Тіріні қойып, өлілердің тынышын бұзған сұғанақтар Қараой ауылындағы бейіттен шойын қоршаулар мен бағалы металдан жасалған белгілерді қолды қылуда. Айналасы бір аптаның ішінде 15-ке тарта зират тоналыпты. Қорланған қорымды көріп жаға ұстаған жұртпен тілшіміз тілдесіп келді.

Қараой ауылының шетіндегі қорым. Ата-бабасына тағзым етіп келгендер зираттағы жағдайды көріп, төбесінен жай түскендей болған. Өйткені құран бағыштамақ болғандар қиранды үстінен түсіпті.

Тели Сүлейманова, Қараой ауылының тұрғыны:

- Марқұм болған жақындарым осы жерде қатарынан жерленген. Біз оларға соңғы құрмет көрсетіп, қымбат шойыннан қоршау орнатып едік. Соның бәрін ұрлап кетіпті. Мұны істеген адамдар құдайдан қорықпай ма?! Бұл не деген масқара?!

Ұрылар тек қымбат, әрі салмағы ауыр шойын қоршауларды қолды қылған. Мәселен бір шойынның өзі шамамен 5-6 келідей. Сұғанақтар зиратқа қойылған жарты айларды кесіп алыпты. Олар да бағалы металлдан жасалады.

Оңай олжаны көздегендер арам ойын түнде жүзеге асыратын көрінеді. Әрі қорымның ішіне көлікпен кірсе керек. Мұны машина ізінен аңғаруға болады. Ауыл тұрғындары зиратта ұрлық бұрыннан барын айтады.

Қабылтай Әлембаев, Қараой ауылының тұрғыны:

- Бұрында бір-бірден, екіден, майда-шүйдені ұрлаушы еді. Қазір көлікпен ұрлап кететін болды. 20-сы күні тұрған қоршаулар, бір аптадан соң қарасақ, жоқ.

Қараойдағы қорымда күзет жоқ. Жұрт бұрын қаражат жинап, 10 гектар аумақты қоршап қойған. Алайда оның қақпасын да әлдекімдер бұзып кетіпті. Сондықтан қазір мұнда кез келген адам емін-еркін кіре алады. Тұрғындар мұнда өз қаржысына бейнебақылау камерасын орнатуға дейін дайын. Алайда бұл жерге электр желісі тартылмапты. Тұрғындар шенеуніктерге де, полицейлерге де шағымданған. Сөйтіп қылмыстық іс қозғалып, көрші ауылдардағы темір қабылдайтын орындар тексеріліп жатыр екен.

Болатхан Серікұлы, Междуреченск кенті полиция бөлімшесінің бастығы:

- Ол бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда арнайы топ құрылып, жұмыс істеліп жатыр. Және де ауылда, көрші ауылдарда Боралдай, Ащыбұлақ, Өтеген батыр кенттерінде жаңағы қара темір қабылдайтын мекемелерді аралап, тексеріп, іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Әзірге ештеңе таба алмапты. Бір белгілісі, зират қоршауын ұрлағандармен қоса, оны заңсыз қабылдағандар да жауапқа тартылады. Ал жергілікті тұрғындар тоналған қоршаудың орнына жаңасын орнатпақ. Алайда оның тағы қолды болмасына ешкім кепіл бермейді. Сондықтан жұрт мұнда күзет қоюды, ал ұрыларды тез арада ұстап, тиісті жазаға тартуды талап етеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде