Оралда 74 мың тұрғын судан қағылды
Оралда бір сәтте 74 мың тұрғын тіршілік нәрінен қағылды. Себебі, топырақтың опырылуынан бір күн ішінде кәріз құбырында екі рет апат болған. Ал сыртқа толассыз аққан су жақын маңдағы саяжайға жайылған.
Автор: Мақсат Мәлік
28.02.2020
Саяжай тұрғындары түнімен ағын сумен арпалысып, қатты әбігерге түскен. Суды сору жұмыстары күндіз жалғасын тапты. Алғашында тіршілік нәрінен ажыратқан мамандар түнде қайтадан қосып көрген көрінеді. Бірақ апат ырық бермеген соң, бүгін қайтадан ықшамауданды түгелдей судан ажыратуға тура келген. Қазір жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жауапты мекеме өкілдері кәріз құдықтары қалпына келсе, судың қысымын көтереміз дейді. Ал жақын күндері конкурстан жеңіп шыққан мердігер компания 6 шақырымға жуық құбырды түбегейлі ауыстыру жұмысын бастамақ.
Қанат Өмірәлиев, Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы басшысының орынбасары:
- Қала бойынша солтүстік, шығыс аудандарда бүгінгі таңда су жоқ. Тағы да айтып кетейін, 74 мыңдай тұрғын сусыз отыр. Одан бөлек 10 жерге су тасымалданып жатыр. Әр жерге таза сумен қамту жөнінде бөшкелер қойылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!