Павлодарда музыка мектебі оқушыларының ата-аналары талап қойып отыр
Павлодарда ата-аналар балалар музыка мектебі директорының қызметінен алынуына қарсы. Наразы топ бұл ұжымдағылардың жұмысына риза екенін айтып, оларды жайына қалдыруды талап етті. Өйткені мұнда жасалып жатқан оңтайландырудан кейін балалары «мұғалімсіз қала ма?» деп алаңдайды. Ал атқамінерлер тек заң жүзінде жұмыс істеп жатқанын алға тартты.
Автор: Салтанат Шырынхан
02.03.2020
Балалар музыка мектебінің директоры «Ольга Бобровскаяны орнынан алады» деген сыбыс шыққалы бері ұжым мен ата-аналардан маза қашқан. Әр келген директор өз жұмыс тәртібін белгілеп, өз командасын ерте келеді. Ал кіл мықтылардан сабақ алып жүрген шәкірттер өзге ұстаз келгенде құлшынысын құртып алуы әбден мүмкін дейді наразы топ.
Гүлзапан Құсайынова, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Немере қызым осында 2-ші жыл оқиды. 1-ші жыл дайындық, міне, 1-ші сыныпта қазір фортепианода Ольга Леонидовадан сабақ, дәріс алып жатыр. Біз ол жаңалыққа өте қарсымыз. Ольга Леонидовамыз бізде қалсын. Әрі басшы болып осында, әрі біздің мұғаліміміз болып.
Ольга Бобровскаяның жұмысына ата-аналардың көңілі толады. Бүгінге дейін олардың шәкірттері түрлі сайыстардан жүлделі орындар алып келген. Тіпті жақында ғана ұлттық аспаптар оркестрі Мәскеуден Гран-приді қанжығаға байлапты. «Мұндай дарынды ұстаздардан айырылу алтынды жоғалтумен тең», - дейді ата-аналар.
Әсем Айыпова, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Басқа бір басшылық өзгеріп жатса, біздің педагогтар тіпті жұмыстан да шығып кетеміз деген ойлары бар. Ата-ана ретінде мен енді қызымның басқа педагогқа барғанын қаламаймын. Өйткені біз осы мектепті таңдадық. Бала өзі сол педагогқа үйреніп қалды.
Музыка мектебінде 150 ұстаз сабақ береді. Шенеуніктер бір жыл бұрын төрт музыка мектебін біріктіруді ойластырыпты. Тіпті бұл орынға арнайы байқау жариялаған. Ал бұл туралы ата-аналар мен ұжымдағылар артынан естіген. Алайда атқамінерлер жеке тұлғаларға байқау жайында ақпарат беру құзырына кірмейтінін айтты.
Зәуреш Қалиева, Павлодар қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:
- Лауазымдық міндеттерге сай, талаптарға сай адам қатыса алады. Бүгінгі күні кандидаттан өтініш келіп түсті. Конкурсқа қатысудан бас тарту туралы өтініш. Соның негізінде бір кандидат болғандықтан, конкурс ары қарай жалғастырылмайды. Жаңадан жарияланатын болады.
Бұл жаңалық ата-аналардың одан әрі ызасын келтірді. Сөйтіп «музыка мектебін қорғаймыз» деген олар облыс әкімінің қабылдауына жазылған. Әзірге басшылық орынға келесі байқаудың нақты қашан өтетіні белгісіз. Десе де, оған Ольга Бобровская да қатысуға ниет білдіріп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!