{metadescription}
Есік тұрғындары балдыр басқан сасыған су ішіп отыр
Есік тұрғындары балдыр басқан сасыған су ішіп отыр

Есік тұрғындары балдыр басқан сасыған су ішіп отыр

Су ма, у ма?! Алматы облысындағы Есік қаласының тұрғындары балдыр басқан иісі жағымсыз су ішуге мәжбүр. Өйткені  бір айдан бері орталық құбырдан осындай су ағып жатыр екен. Жұрт содан бері табан тоздырып, талай босағаға барсақ та, атқамінерлер бейқам отыр деп ашулы. Шыдамы шегіне жеткен тұрғындар ішу түгілі, тұрмыстық мақсатта қолдануға жарамсыз лай суды бүгін әкімдікке апарып, шенеуніктерге ішіп көруді ұсынды.

Есік қаласының тұрғындарына ауыз су бір айдан бері бас ауруына айналған. Өйткені орталық құбырдан балдыр мен топырақ аралас су ағуда.

- Міне, Есік тұрғындары күн сайын мынадай су ішуге мәжбүр. Балдыр, құм аралас су. Күзде тіпті құрт жүрген.

Әрі судан жағымсыз иіс мүңкиді. Тұрғындар оны ішпек түгілі, тұрмыстық мақсатта қолдану қауіпті деп есептейді. Бірақ амалы жоқтар лай суды қайнатып, дәкемен сүзіп пайдалануда. Ал, қалтасы көтеретіндер тіршілік нәрін сатып алуда. Жұрт бұл мәселеге қалалық сумен жабдықтау каналын кінәлайды.

Әсия Исаева, Есік қаласының тұрғыны:

- Негізі, су тұрғындарға жіберілмес бұрын бірнеше рет сүзгіден өткізілуі тиіс. Алайда қалалық сумен жабдықтау каналы өз жұмысын дұрыс атқармай жүр. Соның кесірінен үйлерге лас су жетіп отыр.

Жұрт жанайқайын айтып шенеуніктердің есігін талай қаққан. Бірақ еш нәтиже болмаған соң, бүгін балдыр басқан суды пластик бөтелкеге құйып алып әкімдікке апарды. Суды шенеуніктерге ішіп көруді ұсынды.

- Сіз ішер ме едіңіз мына суды?

- Бұны дәлелдеу керек, бұл нақты сол үйден шыққан су ретінде дәлел жоқ.

Бірақ шенеунік лас суды іше қоймады. Мұны тұрғындардың өз үйінен құйып әкелгеніне күмәнмен қараған оның айтуынша, тіршілік нәрі тұтынушыларға жеткенше үш рет сүзгіден өткізіледі екен. Ал құбырдан расында лай су ақса, оған тұрғындардың өзі кінәлі дейді.

Асхат Аңсатбаев, Еңбекшіқазақ ауданы тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

- Тұрғындар сумен қамтылу үшін біздің су арнасынан техникалық шарт алады. Оны толық сақтамайды. Құдықтарын тиісті деңгейінде, тиісті биіктікте орналастырмайды. Және де сапасыз материалдар, сапасыз құбыр алып өздері орналастырады, өз қолымен.  

Атқамінер жағдайға құбырлардың ескіруі себеп болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Есікте 131 шақырым су құбыры болса, соның 85 шақырымы жаңартуды қажет етеді. Ал судың ластануының нақты себебін анықтауға санитар мамандар бес жерден сынама алып, зерттеп жатыр.

Ғалымұрат Жүкел, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы:

- Су құбырында бөгде заттардың болуы алаңдатарлық жағдай. Қазіргі таңда бізге келіп жатқан ақпар бойынша аудандық мамандар судың сынамасын алды. Ол мұқият тексеріледі. Онымен қоса облыстық мамандар да сол жаққа іс-сапармен жөнелтілді.

Балдыр басқан судан алынған сынама қорытындысы ертең шығады. Шенеуніктер соған сәйкес «тиісті шара қолданамыз» деп уәде етті. Ал ауыз судың азабын тартқан тұрғындар мәселе тез арада шешілмесе, прокуратураға шағымданамыз деп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде