{metadescription}
Былық: Арысқа бөлінген миллиардтар қайда кетті? 
Былық: Арысқа бөлінген миллиардтар қайда кетті? 

Былық: Арысқа бөлінген миллиардтар қайда кетті? 

Жарылыстан зардап шеккен Арыс кәсіпкерлері жыртығын әлі жамай алмай жүр. Себебі, оларға бөлінген қаражат жетпеген. Шағын және орта бизнеспен айналысып жүргендерге Қазақстанның алпауыт компаниялары былтыр көмек ретінде миллиардтап ақша жөнелткен еді. Кәсіпкерлердің айтуынша, сол қаржы жергілікті шенеуніктердің кесірінен діттеген жеріне жетпей жатыр. Мәселен, тізімге жалған бизнес нысандары еніп, шын зардап шеккендер қаржыдан қағылды дейді олар.

Арыстық кәсіпкер Мұхамеджан Сапарханов қираған дәмханасын күйінішпен көрсетеді. Өмір бойы там-тұмдап жиғанын салып, несие алып ашқан дәмханасының шаңырағы былтыр шілдеде ортасына түскен. Алты баласы бар азамат шығынын 50 миллион теңгеге бағалайды. Бірақ бағалаушы компания 25 миллион деп көрсетіп, былтыр беруі керек болған. Сол ақшаны күтіп жүргеніне жарты жылдан асыпты.

Мұхамеджан Сапарханов, кәсіпкер:

- Бірақ осы уақытқа дейін осы сегіз айдың ішінде, ең болмаса сол шығарған ақшасын берсе, бірталай тірлігімді жамап алар едім ғой. 25 миллионнан. Мойнымда 2-3 кредит тұр қазір. Қысқы уақытта жұмыс жоқ. Не істейміз?    

Арыста Мұхамеджан сияқты зар жылап жүрген кәсіпкер саны алпыстан асады. Біреуінің дүкені, біреуінің мейрамханасы қираған. Жарылыстан кейін қаладағы 465 коммерциялық нысанға Қазақстанның алпауыт компаниялары көмек беріпті. Бірақ миллиардтаған ақша көп кәсіпкерге жетпей қалған.

Ұбайдулла Сүйінбаев, кәсіпкер:

- Өкімет сол кезде есептеп отыр ғой, 465 нысанға 3 миллиард 155 миллион. Біз соның 1 миллиард 300 миллионның кәсаіпкерге төленгенін көрдік. Одан кейін қалған ақшаның қайда кеткенін білмеймін. Ғимараттар одан сайын бүлініп жатыр. Құрылыс материалдары, құрылыс заттары қымбаттап жатыр. Міне, бұл жерде жалғыз мен емес, 68 адам жүр.

Ақшасын ала алмай жүргендердің қолында Кәсіпкерлер палатасы берген тізім бар. Тізімде қай мекен-жайда, қандай дүкен әлде дәмхананың бүлініп, қанша ақша алуы керек, не алғаны жазылған. Кәсіпкерлердің сөзінше, тізімдегі біраз нысан құжатта болғанымен, шын мәнінде жоқ екен.

Анатолий Рунков, кәсіпкер:

- Кейбір нысандар қағазда ғана бар. Кейбірі тіпті үш мәртеден жазылған. Тізім қолымызға тиген соң, мұнда көрсетілген нысандар бойынша жүріп көрдік. Көрсетілген мекен-жайда бизнес нысанның орнына кәдімгі үйлер де тұр. Осындайлар ақша алып, бізге көк тиын да бұйырмай тұр.

Ал ақшаны үлестірген «Менің атамекенім» қорының басшылығы тізімге күмән келтіріп отырған жоқ. Дегенмен зардап шеккендерді түгендеген олар емес екен. Тізімді бағалаушы компанияның дерегіне сүйеніп, Түркістан облыстық құрылыс басқармасы мен сол кезде арнайы құрылған штаб жіберген.

Ләззәт Шыңғысбаева, «Менің атамекенім» ҚБ директоры:

- 3 млрд 97 млн кімге жетті. 403 нысанға жетті. 62 нысанға бізде қаражат жоқ. Жоқ қаражатты біз қалай береміз? Жоқ, бітті. Қаражат осының бәрінің есептерін жазып, канцелярияға өткіздік, үкіметке. Бұл есепті ірі компанияларға да бердік.

Арыстық 60-тан астам кәсіпкердің шығынын жабуға шамамен 400 миллион теңгедей қаражат керек екен. Бұл туралы ұсыныс Үкіметтің канцеляриясында жатыр. Нақты қашан шешілетінін ешкім де айта алмайды. Десе де, ақшасын ертерек алғысы келген кәсіпкерлер осыған дейін берілген мол қаржының әр тиынына дейін тексеріс жүргізсе, біраз былықтың беті ашыларына сенімді. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде