Сақ бол! Коронавирусқа дайындық және «Б» жоспары
Елімізде коронавирустық инфекция тіркелген кезде атқарылатын шаралар тізбегі әзірленді. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус елге жетсе, дайын екенін мәлімдеді. Мұндайды әдетте «Б» жоспары деп атайды. Ал инфекцияның өзіне келсек, соңғы бірер күнде тағы 5 елдің аумағына коронавирус кіріп үлгерген. Олар: Әзербайжан, Эквадор, Ирландия, Монако мен Катар. Ал Қазақстан қауіпті індетке қалай дайындалып жатыр және «Б» жоспары қандай? Инфекцияны ел аумағына кіргізбеуге мүмкіндік бар ма?
Автор: Ербол Тұрымбет
02.03.2020
Жалпы дайындығымыз оған мұрша бере ме?
6-қаңтардан бері еліміз аталмыш қауіпті індетке қарсы шаралар атқарып келе жатыр. Оның барлығы сырттан, әсіресе қауіп аймағынан келгендерді оқшаулау, аурудың алдын алуға бағытталған. Ал «Б» жоспары – елге індет кіріп кетті дегенді білдіреді.
Әзірге, бетін аулақ қылсын, ел аумағында коронавирустық инфекция жұқтырған адам тіркелген жоқ. Дегенмен әлемде 88 571 адам ауру жұқтырған. Оның 2 мыңға жуығы кеше анықталыпты. Жаңадан тағы 5 елді шарпуынан қауіптенсе керек, Денсаулық сақтау министрлігі «Б» жоспары туралы айтып, тиісті мекемелерге не істеу керектігін жіктеп берді.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі:
- Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, жергілікті атқарушы органдар, Денсаулық сақтау министрлігі – Мемлекеттік шекарада 1, 2, 3 санаттағы елдерден келген және науқастармен байланыста болған адамдарды анықтап, тексеріп, тасымалдап және орналастыру бойынша үйлесімді жұмысты қамтамасыз етеді.
Оған қоса, медициналық және карантиндік ұйымдар дайын болуы керек. Індет жұқтырған адамдармен жұмыс істейтін ҰҚК, шекара, медицина және тағы басқа да қызмет өкілдері керекті қорғаныш құралдарымен жабдықталуы тиіс.
Дайындық шараларына келсек, ол тек ел аумағында емес, шетелде де жүріп жатыр. Егер елімізде қауіпті вирус таралып жатса, ол үшін медицина мекемелерінде 5680 карантиндік орын дайын тұр. Оған қоса, қосымша 4 мыңнан астам орын қарастырылған. Ал шетелдерде отандастарымызға қажетті ақпарат беретін орталықтар мен телефон орталығы ұйымдастырылған.
Коронавирус анықталған елдерде 95 мыңнан астам отандасымыз жүр екен. Ол елдерде жағдай ушыға бастаса, Сыртқы істер министрлігі оларды елге эвакуациялауға кіріспек. Әзірге тек індет анықталған елдермен әуе қатынастарын шектеп жатырмыз. Ал билет алып қойған жолаушылардың ақшасы қайтарылады.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Наурыздың 5-нен бастап Әзербайжанмен әуе рейсі қысқарады және Иран азаматтарына Қазақстанға кіруге тыйым салынады. Біздің азаматтарға эпидемиологиялық қаупі жоғары елдерге сапар шегуден қалыс қалу ұсынылды.
Демалыс күндері әлеуметтік желілерде Үкімет аяқасты жиын өткізіпті, оқушылар мен студенттер демалысқа ертерек жіберілетін болыпты дегендей ақпар тараған болатын. Үкімет жиынында осындай жалған ақпар таратқандарды жаза күтіп тұрғаны қатаң ескертілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!