{metadescription}
Дариға Назарбаева жеңіл өнеркәсіптегі түйткілдерді атап өтті 
Дариға Назарбаева жеңіл өнеркәсіптегі түйткілдерді атап өтті 

Дариға Назарбаева жеңіл өнеркәсіптегі түйткілдерді атап өтті 

Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін дамытуға бюджеттен бөлінген қаражатқа өзге елдер күн көріп отыр. Бұған нарықтағы шетелдік тауарлардың үлесінің көптігі дәлел. Саланың қанат жаюына шикізат пен қажетті құрал-жабдықтардың жоқтығы, мемлекеттік қолдаудың тым әлсіздігі кедергі. Сенатта өткен парламенттік тыңдауда спикер Дариға Назарбаева жеңіл өнеркәсіптегі осындай түйткілдерді тізді.  

Сенаттың дәлізі бүгін нағыз базарға айналды: киім-кешек, көрпе-жастық, төсек, кілем де сатылды. Сөредегі тауарлар қытай, өзбек, қырғыздікі емес – өзіміздікі. Сапаға жұмыс істейтін отандық өндірушілер заттарын депуттаттарға сатып мәз.

- Көрмені көбірек өткізу керек. Мәжілістегі әріптестеріңізді шақырмадыңыздар ма?

- Келді, келді олар.

Көрмедегі тауарлар әдемі көрінгенімен, оны жасаушылардың жағдайы мүшкіл. Екі мыңнан аса өнім шығарылған 35 жыл бұрынғы жеңіл өнеркәсіптің деңгейін бүгінде елестету қиын. Өзге елдерде сала қарқын алғанда, әлеуеті мол Қазақстан нарығы импорттан көз ашпай отыр.

Дариға Назарбаева, Сенат спикері:

Қазақстанда қазіргі уақытта 1071-ден 40 ірі және орта жеңіл өнеркәсіп саласы ғана жұмыс істеп тұр. Яғни, жеңіл өнеркәсіптің типтік кәсіпорны - бұл тігін немесе аяқ киім фабрикасы емес, ателье және артель. Кейбір салаларда бір ғана ірі немесе орта кәсіпорын бар. Біз жеңіл өнеркәсіп өнімдерін экспорттағаннан гөрі, 17 есе көп импорттаймыз.

Сауда үйлерінде самсап тұрған шетелдік тауарларға алыпсатарлар салық төлемейді. Олар мемлекеттік сатып алуларға қиындықсыз қатысады. Төмен бағаға қызыққан тапсырыс беруші сапасыз тауар алады. Бұл тұрғыда Қазақстан бюджеті өзге елдерге демеуші. «Әттеген-ай» деген тұсы бұл ғана емес. Жеңіл өнеркәсіпте шикізат жоқ. Мәселен, мектеп киімдерін тігетін кәсіпорын оны Түркиядан алады.

Бағдат Кемпірбаева, сатушы:

- Шикізатты жіп күйінде Түркияға тапсырыс береді. Бояуын біздің дизайнерлер жасайды. Киімді пішіп, тігетін Петропавлда фабрикамыз бар. Сапасы жақсы. Ешкім жаман деп айтқан жоқ.

Елімізде мата мен жіпті жасауға – мақта, аяқ киімге – тері жеткілікті. Тек ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіптің байланысы нашар.  

Дариға Назарбаева, Сенат спикері:

- Тек жайылымдардың көлемі бойынша әлемде бесінші орындамыз. Сондықтан Қазақстанда отандық шикізат базасын аграрлық кешенге, әсіресе мал шаруашылығына сүйене отырып ілгері дамытуға бар жағдай бар.

Жеңіл өнеркәсіптегі өнім өндіру көлемі былтыр 2018 жылдан қарағанда 13,5 пайызға артыпты. Негізгі үлес тоқыма өнімдерінде, 36,6 пайыз, киім-кешек 16,2 пайыз, ал аяқ-киім үлесі 8,2 пайызды құрайды. Сандар мен атқарған жұмыстарын тізбектеген Ұлттық экономика министрі салаға қомақты инвестиция тартпақшы. Өйткені инвестицияның төмендігінен көп кәсіпкер зардап шегіп отыр.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- 2020-2024 жылдары жеңіл өнеркәсіп саласындағы 41 инвестициялық жобаны жүзеге асырамыз. Жалпы сомасы 52 млрд теңге болады. 1300 жаңа жұмыс орны ашылады. 

Жұмыс орындарын ашуға әйелдер көп үлес қоспақ. Бүгінде шағын және орта бизнестің 44 пайызы оларға тиесілі. Нәзік жандылармен бірге жастар да салаға тартылмақ. Маман жетіспеушілігінен студенттер оқыған-тоқығанын үш жыл ішінде өтеуі тиіс. «Болашақ» бағдарламасы арқылы да мамандар кәсіби деңгейін арттырып, саланы дамытуға шетел аспақ.

Бір жыл бұрын қабылданған «Жол картасы» проблемаларды түбегейлі шешпепті. Сондықтан елімізде жаңа өнеркәсіптік кешен бағдарламасы әзірленеді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы министрліктері айналысады. Сондай-ақ, Сенатта құрылған кеңес енді агроөнеркәсіптік, жеңіл және химия өнеркәсібін дамыту жөніндегі кеңес болып кеңейтілмек.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде