БҚО-да кәсіпкер мен шендінің арасындағы кикілжің сотқа жетуі мүмкін
Батыс Қазақстан облысында тендерді шенділерден қорқытып алатындар пайда болғандай. Теректі аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы мемлекеттік сатып алу конкурсынан жеңілген кәсіпкер өзіне қастандық жасағанын айтып отыр. Аслан Даубаев: «Бизнесменнің «тендер нәтижесін жоққа шығарып, оны қайта жарияла» деген талабын орындамағаным үшін жазықты болдым», - дейді. Атқамінерге қастандық жасалғаны рас па?
Автор: Руслан Әбдіхалық
04.03.2020
Теректі ауданында «шенеунікке қасандық жасалды» деген жаңалық әлеуметтік желіде желдей есті. Аслан Даубаев бұл деректі растады. Оның айтуынша, алдымен оны қорқытқан, кейін үш адам түн жарымда үйіне баса-көктеп кірген. Атқамінер қорғану үшін пышақ шығардым дейді. Қаскөйлер қаша жөнеліпті. Алайда кейін қайта оралған. Сол кезде қолға түскен.
Аслан Даубаев, Теректі аудандық ТКШ бөлімі басшысы:
- Бұл жағдай менің жұмысыма кедергі келтірмеді. Жұмысым қалыпты жүріп жатыр. Эмоцияға берілгем-ау, өздеріңіз түсінесіздер. Қазір ештеме айта алмаймын, тергеу қортындысын күйтейік. Мен ешқайда ақпарат таратпау жөнінде құжатқа қол қойғанмын.
Атқамінер басқа мәлімет беруден бас тартты. Ал белгілі болғаны, жақында аудандағы жолды жөндеуге жарияланған тендердің қорытындысы шығыпты. Жергілікті кәсіпкер 95 млн теңгенің жұмысын жеңіп алатынына сенімді болған. Бірақ жеме-жемге келгенде мемлекеттік тапсырысты басқа біреу ұтып алған.
Нұрберген Хасанов, кәсіпкер:
- Ол кісі маған тендер беруге уәде еткен. Осы түсініспеушілік содан туындап отыр. Мен Асланға «кездесейік» деп қоңырау соққанмын. Бірақ сөзіміз жараспады. Мен ішпедім деп айтпаймын. Іштім. Бірақ көп емес. Оның үйіне келдім. Сөйлескім келді адамша. Кешірім сұрадым. Ол мені тыңдағысы келмей, «неге келдің?» деп пышақ ала жүгірді.
Осылайша кәсіпкер мен оның достарының басы дауға қалды. Қазір екі бап бойынша тергеу жүріп жатыр. Дегенмен полицейлер адамға қастандық жасалды дегені «жалған» дейді. Құзырлы орынның мәліметінше, үш азамат шенеуніктің үйіне аяқсыз қалған шаруаны тындыру үшін сөйлесуге келіпті.
Болтабек Белгібеков, БҚО ПД баспасөз хатшысы:
- Өз арасындағы қатынасты анықтау үшін кіріп сөйлеседі. Ең алдымен біреуі сөйлеседі ғой. Екеуі сырттта қалып қояды. Содан кейін араларында түсініспеушілік пайда болады.
Бұл дерек басқа сипат алуы мүмкін. Себебі, жалған ақпар тарады деген желеумен кәсіпкер атқамінерді сотқа бермек. Оның айтуынша, Аслан Даубаевтың үйіне алдында айтылған артық сөзі үшін кешірім сұрауға барған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!