Елімізде әрбір бесінші азамат шетелге ұшудан бас тартқан
Қазақстандықтар коронавирус қаупіне байланысты саяхат жасаудан бас тартып жатыр. Соңғы аптада әуе билетіне сұраныс төмендеген. Әрбір бесінші адам кезекті демалысын кейінге шегеріпті. Кеселге байланысты жұрт жаппай ұшатын елдерге туристер ағыны азайған. Осылайша қауіпті дерт қазір әлемдік туризмді тұралатып тұр. КТК тілшісі демалуға қауіпсіз деп саналатын елдерді анықтап көрді.
Автор: Әсем Қабылбек
04.03.2020
Халықаралық ұшуға салынған жаппай шектеулер мен эпидемиядан зәре-құты қашқан жұрттың саяхаттауға деген сұранысын төмендетті. Мұның бәрі әуе компаниялары мен туристік фирмаларға ауыр соққы. Соңғы аптада отандастарымыздың көбі шетелге жоспарланған демалысын кейінге шегерген. Отандық туристік фирмалар шығын көлемін есептеп үлгере алмай жатыр.
Евгения Кислова, туристік агенттіктің директоры:
- Вирусқа байланысты билеттер көбіне сатылмай қалуда. Негізі, адамдар коронавирустан емес, қайтып келген соң каратинде отырудан қатты қорқады. Оңтүстік Азиядағы Таиландта жағдай тұрақты. Вирус жұқтырғандар айығып шықты ғой.
Еуропаға арналған турлардың бағасы арзандаса да, билеті өтпей тұр. Италияда вирус жұқтырғандар саны екі мыңнан асқан. Десе де, алдағы Наурыз мерекесіне Мысыр мен Болгарияға, Крит аралына жаппай жолдама сатылған. Шри-Ланканың танымал демалыс орындары тіпті туристерге лық толы дейді. Ал елімізде әуе билетін іздеп, алдын ала сатып алатын қызметке бақылаушылар күн сайын сараптама жасайды. Маркетологтардың пікірінше, Қазақстандағы әрбір бесінші адам шетелге ұшудан бас тартқан.
Юлия Исакина, Aviasales.ru маркетологы:
- Aviasales мәліметі бойынша, барлық бағытқа авиабилет іздеу көрсеткіші 10 пайызға төмендеді. Ал Қазақстанға өзге елдерден сатып алынатын билеттер 12 пайызға азайды. Қытайға қарай билет іздеу мүлдем тоқтап тұр. Бірақ қазір Ресей мен Түркияға саяхаттаушылар көп. Бұлар үздік ондықтың қатарынан түспейді.
Қазір коронавируске қатысты қара тізімнің көш басында Қытай, Оңтүстік Корея және Иран тұр. Көп ел Қытаймен әуе байланысын тоқтатты. Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесі коронавирустан келген шығын көлемін 22 млрд долларға бағалап отыр. Бұл көрсеткіш әлі де өсері анық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!