Коронавирус: Білім саласындағы уақытша өзгерістер
Әлемді дүрліктірген коронавирус кесірінен еліміздегі мектеп оқушылары мерзімінен бұрын көктемгі демалысқа жіберілді. Мектептер екі аптадан аса жабық болмақ. Студенттер де оқу орындарына бармайды. Қашықтықтан білім алып, интернет арқылы тапсырма орындайды. Мұндай уақытша өзгерістерге балабақша тәрбиешілерінен басқалардың барлығы қуанып жатыр. Неге?
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
12.03.2020
Еуразия университетінде 20 мыңға жуық студент білім алады. Бүгін оқу орны қалыпты жұмыс істеп жатыр. Яғни, оқу бөлмелері студенттерімен толық. Ұстаздар дәріс беруде. Енді келесі аптадан бастап еліміздің бас ұстазы айтқандай, мұнда тірі жан қалмауы керек. Білім мен ғылымға бет бұрғандар қашықтықтан оқуы тиіс. Ал мұғалімдер болса, университет қабырғасында қалады.
Бұл хабар елордаға оқуға өзге өңірден келгендерді қуантты. Жылына ата-анасымен жиі қауышатын олар жол жүру билеттерін алып, қамданып жатыр. Студенттерге қойылар талап: интернет қолжетімді болып, тапсырмалар уақытылы орындалуы керек. Студенттер үдеден шықса, оқудан да шығады.
Әзиз Қосанов, студент:
- Қазір ХХІ ғасыр, интернеттің бәрі жақсы ұстайды. Бізде көбісі өз туған ауылдарына кетеміз деп жатыр. Үйлерінде отырып, сабақтарын оқиды. Егер тапсырмасақ, оқудан шығару секілді өзінің қисындары бар ғой.
Университет 10 жылдан бері қашықтықтықтан оқыту тәжірбиесін меңгерген. Бұл мәселемен олар бастарын қатырып отырған жоқ. Басшылықты шетелге жарты жылға оқу кеткендер алаңдатып отыр. 218 студент қауіп сейілгенше, қашықтықтан тапсырма орындап отырмақ. Тіпті, олар уақытынан бұрын елге оралуы мүмкін.
Шәмен Палымбетов, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ департамент директоры:
- «Академиялық ұтқырлық», сосын тағылымдамадан өту дейміз оларға Үкімет тапсырмасына байланысты шығуға шектеу қойдық. Әсіресе мына бірінші, екінші санатқа кіретіндерді қайтуын сұрап жатырмыз. Ата-аналарына хабарлап жатырмыз, ескертіп, ертең бірнәрсе болмаса, түсініспеушілік болмасын деген сияқты.
Әлемді жайлаған короновирустан «Болашақпен» оқып жүргендер де қайтарылмақ. Мемлекет барлық шығынын өтейді. Ғаламның 18 елінде 857 қазақстандық оқып жүр. Оның ішінде 19 білім алушы – елімізде тыйым салынған бірінші санатқа кіретін елдерде екен.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Шетелдегі жоғары оқу орындары қашықтықтан оқытуға көшіп жатырмыз. Біз Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына өзгерістер енгіздік. «Болашақ» бағдарламасымен оқып жүргендердің елге қайтарылуына мемлекет қаржы бөледі. Олардың шәкіртақы мәселесі шешілді.
Университеттер мен колледждер «сақадай-саймыз» деп отырғанда, орта білімдегілердің жағдайы мәз емес. Себебі, 68 мектепте мүлдем интернет жоқ. Егер елге кеселдің кесірі тисе, әрі қарай бұл мектептерде оқу үрдісі қалай болары белгісіз. Ал оқушылар 16 наурыздан 5 сәуірге дейін демалысқа шықты. Бірақ, түрлі үйірмелерге шектеу жоқ. Мұғалімдер әдістемелік жұмыстарды жасауға енді уақыт көп дейді.
Әлия Сейтенова, №62 мектеп-лицейдің директоры:
- Мектеп бұрынғы қалпында жұмыс істейді. Ал ұстаздардың әдістемелік жұмыстармен айнылысады. Өйткені, оған уақыты болмай жүрген. Мектептердің барлығы толық, бес күндік жұмыс кестесімен істедік, ешқандай құпия емес. Барлық бізге қойылған талапты орындай алмай отырғанбыз.
Биыл мектеп бітіретіндерге құлаққағыс: наурыз айындағы ақылы ұлттық бірыңғай тестілеу де кейінге шегерілді. Ал жазда тапсырылатын білім сынағы бойынша ресми орган жауап бере алмады. Елде барлық білім беру мекемелері сақтық шараларына көшіп жатқанда, балабақшалар сол күйі жұмыс істей бермек. Қазақстанда короновирус анықталса, балабақшаға қатысты жедел шаралар сол кезде қабылданады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!