{metadescription}
Теңгенің құлдырауы. Экономистердің болжамы
Теңгенің құлдырауы. Экономистердің болжамы

Теңгенің құлдырауы. Экономистердің болжамы

Теңге одан әрі құлдырай түсті! Бүгін қор биржасында теңгенің долларға қатысты бағамы 405 теңге 46 тиынды құрады. Айырбас орындарындағы баға тіпті ушығып тұр. Мұнда АҚШ ақшасы 409 теңгеден сатылуда. Кейбір пункттер доллар сатуды сол күйі тоқтатқан. Теңгеге қатысты экономистердің болжамы да көңіл көншітпейді.

Теңге құнының түсіп жатқанына бүгін төртінші күн. Кеше ақша айырбастау орындары бір долларды 403-тен сатқан. Бүгін АҚШ валютасы жаңа рекорд орнатты. Айды аспанға шығарған доллар дәл қазір айырбас орындарында 409-дан сатылуда. Ал кейбір пункттер кешеден бері долларды мүлдем сатпай оты. Себебі:  

Аршын Ғалымбаев, Қазақстан ақша айырбастаушылар қауымдастығының президенті:

Соңғы күндері доллар сатып алуға келетін клиент саны артты. 20-30 пайызға көбейді десек болады. Қазір АҚШ валютасы барлық пунктте бар деп айта алмаймын. Долларға деген қазіргі сұраныс айырбас пункттерінің мүмкіндігінен асып түсіп жатыр. Өйткені кассаларда көп мөлшерде шетел валютасы жоқ.

Десе де апта басында күрт құлдыраған мұнай құны бүгін сәл де болса көтерілген. Осылайша қазір Brent-тің баррелі шамамен 35 доллардан сатылуда. Бірақ қуануға еш негіз жоқ дейді сарапшылар. Себебі, қара алтынның бұдан әрі арзандай түсу ықтималдығы жоғары. Өйткені қара алтын өндіруші мемлекеттер қазір «нөлдік құн» ойынына кіріскен. Яғни, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб әмірліктері сынды елдер мұнайды өз бағасына сатуға дайын отыр.

Мақсат Халық, экономика сарапшысы:

Қазір Кувейттің өзі айтып отыр, 12,6 долларға сатуға біз дайынбыз деп. Егер ол жағдайға баға түсетін болса, біз Қазақстан өте үлкен шығынға ұшыраймыз. Себебі, бізде мұнайдың бағасының өзіндік құны нақты деректерде, мен білетін деректерде 27 доллар деп жазылған. Үкіметтің отырысында біз 25 долларға дейін түскен жағдайда да, писсимистік жоспарларымызды дайындап отырмыз деп Ұлттық экономика министрлігі мәлімдеме берді. Бірақ, біз одан да қиын сценарийлерге дайын болу керекпіз.

Қалай болғанда да, бүгін мұнай бағасының сәл де болса өсуінен теңгеге пайда болмады. Өйткені оған кері әсер ететін факторлар жетерлік. Мәселен, кеше АҚШ қор биржаларында соңғы 33 жылдағы ең үлкен құлдырау болды. Елдің негізгі индекстері шамамен 10 пайызға төмендеген. Бұған Дональд Трамптың еуропалықтарға Америка аумағына кіруге тыйым салуы түрткі болған. Коронавирусқа байланысты қойылған бұл шектеу 30 күнге созылмақ. Пандемия салдарынан Қытай биржаларының индекстері де құлап жатыр. Мұның бәрі біздің валютаға әсер етпей қоймайды.

Мақсат Халық, экономика сарапшысы:

Осы жаңалық көптеген қор биржаларындағы инвесторлардың стрестік жағдайға, шоктық жағдайға тап болып жатқанын айту керек. Тіпті, кім қайда қазір ақшасын сақтайтынын білмейтін жағдайға тап болды. Қор биржаларындағы осындай орын алып отырған паника, әрине, валютаға да кері әсер ететін жайы бар.

Бірақ Ұлттық банк теңгенің әрі қарай құнсыздануына жол бермеуге тырысып жатыр. Алайда экономистер интервенция арқылы бағамды ұстап отыра берудің қажеті жоқ дейді. Өйткені Ұлттық қорда да ақша қалуы тиіс. Одан да, дағдарысқа қарсы бағдарлама әзірлеуге кеңес береді. Жағдайдың жақын арада тұрақталуы екіталай деген сарапшылар тұрғындардың қолда бар қаражатын бөліп сақтағаны дұрыс дейді. Өйткені қазір қай-қайсысына да сенім аз. Мәселен, бүгін алтын да көштен қалмай арзандаған.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде