{metadescription}
ТЖ салдарынан жұмыс тоқтап қалса, не істеу керек?
ТЖ салдарынан жұмыс тоқтап қалса, не істеу керек?

ТЖ салдарынан жұмыс тоқтап қалса, не істеу керек?

Елімізде төтенше жағдай режимі қажет болса, бір айдан да ары созылуы мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус қаупіне байланысты елге үндеу жариялап, төтенше жағдай режимінің егжей-тегжейін жариялады. Сол үшін арнайы қаулы да қабылдады. Ал министрлер шетінен төтенше жағдай кезіндегі тіршілік қалай жүретінін тәптіштеп түсіндіруге кірісті. Ал төтенше жағдай салдарынан жұмысы тоқтап немесе қысқарып қалатын жайттар болса, жұрт не істеу керек?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бүгін таңғы сағат 8-ден бастап бір ай көлемінде ел аумағында төтенше жағдай жарияланды. Жалпы, елімізде бұрын-соңды дәл осындай деңгейде төтенше жағдай жарияланғаны есте жоқ. Енді елде қоғамдық тәртіп қатаң бақылауға алынады. Барлық жерде санитарлық талап күшейді.

Көпшілік қатысатын шаралар, оның ішінде ірі сауда нысандарының жұмысы шектеліп, сауда ойын-сауық орталықтары, кинотеатр, театр, және адам көп жиналатын жерлердің қызметі уақытша тоқтататылды. Соған байланысты бүгіннен бастап, Үкімет, Парламент пен бірқатар ұйымдар отырыстарын журналистер мен басқа да қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуынсыз, онлайн өткізуге көшті.

Қауіпті ауру белгілері пайда болған жағдайда бірден дәрігерге көріну керек. Ол үшін тіркелген мекен-жайыңыз бойынша ғана қаралу деген әңгіме жоқ. Медициналық тексеруден жалтарып, карантиндік режимді бұзғандар жазаланатынын президенттің өзі ескертіп отыр. Ал елді дәрі-дәрмекке қамтуға қосымша қаражат қарастырылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Менің тапсырмам бойынша, Үкімет қорынан дәрі-дәрмек, тест-жүйелерін және зертханаға арналған жабдықтарды алуға қаражат бөлінді. Ауруханаларда орын жеткілікті. Осы шаралардың барлығы азаматтардың денсаулығы үшін жасалып отырған өте маңызды қадам. Мұны дұрыс түсінесіздер деп ойлаймын. Сақтанғанды Құдай сақтайды.

Әлемдік мұнай бағасы қымбаттап, доллар құны шарықтап жатқанда, коронавирус та бір бүйірден қыса бастады. Бұл тығырықтан шығуға отандық бизнесті қолдап, жаңа жұмыс орындарын ашуға Үкімет 300 миллиард теңге бөлмек. Ол қаражат қашан бөлінеді, қандай салаларға қалай жұмсалатынын салалы министрліктер ертең айтады.

Жалпы мәліметтерге келсек, қазіргі таңда елімізде коронавирусқа шалдыққандар саны 9 адам. Оның жетеуі – Алматыда, екеуі – Нұр-Сұлтан қаласында. 1641 адам карантинде жатыр. Оның 981-і үй карантинінде.

Жұмыс мәселесін министрлер айналып өткен жоқ. Бүгін әр министр төтенше жағдайға қатысты өз саласы бойынша түсініктеме беріп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, барлық мекемелер қашықтықтан жұмыс істейтін мүмкіндігі болса, заң бойынша соған көшуге міндетті.

Бірақ одан жалақысы өзгермейді. Егер жұмыс көлемі шектелетін болса, онда жұмыс берушілер бұйрық шығарып, қысқартылған жұмыс режиміне көше алады. Ол кезде қызметкер істеген еңбегіне қарай жалақы алады. Оны министрдің өзі түсіндіріп берген.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Бұл жағдайда жұмыс істеп жүрген азаматтар сол атқарылған жұмыс уақытысына алатын болады. Яғни, егер аптасына қысқартылған жұмыс күні 5 күннен 3 күнге қысқартылатын болса, 3 күндік жалақыны аптасына алады. Егер де бір күнде 8 сағаттың орнына 4 сағат істейтін болса, 4 сағаттың жалақысы міндетті түрде төленетін болады.

Ал жұмысынан қысқарып қалған азаматтар мемлекеттік сақтандыру қорынан осыған дейінгі алған жалақысының 40 пайызы көлемінде алты ай бойы әлеуметтік төлем ала алады. Бірақ, ең төменгі жалақы, яғни 42 500 теңгеден кем болмайды.

Бүгін елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты, Тоқаев «Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Қаулы шығарды. Президенттің айтуынша, ол елдің қалыпты тіршілік етуіне ауадай қажет.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

17 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде