Көкшетауда төтенше жағдай қызметі таң атқанша тасқынмен арпалысты
Ақмола облысында су екі жарым метрге дейін көтерілген Қылшақты өзені автокөлік көпірінің үстіне жайылды. Көкшетауда өзен жағалай қонған 2 мектеп пен 200-ден аса жер үйге топан суды келтірмеу үшін төтенше жағдай қызметі таң атқанша тасқынмен арпалысқан.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
17.03.2020
Көпір асып аққан су Көкшетауға қауіп төндірді.Түн ішінде жанталасқан құтқару қызметі топырақпен өзен арнасын нығыздап бекітті. Қылшақты өзені құятын Қопа көліндегі мұз бір күн бұрын жарылғыш затпен бұздырылған. Соның өзінде үсті-үстіне келіп жатқан өзен суын әлі толық еріп болмаған кесек-кесек мұз тежеп, қиындық туғызуда. Қазір су деңгейі реттелді. Бірде-бір нысан зардап шеккен жоқ. Өткен жылы дәл осы жерде су сарқырап ағып, бір түнде қаланың шеткі аумағын басып қалғанда, шенеуніктер бұл «пәленің» қайдан келгенін түсіне алмай абдыраған. Онда қалаға жақын Кенесары тоғаны жарылып кеткен еді. Құтқарушылар: «ондай қауіп биыл да бар» - дейді.
Алексей Советов, Ақмола облыстық ТЖД бастығы:
- Күн жылынғанда егістік аумақтарындағы қар да жылдам ериді. Су қоймалары да ылғалдың көптігінен тасуы мүмкін. Сондықтан тасқын қаупі жоқ деп айта алмаймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!