Алматыда 19 жасар студент өзін-өзі өлтірмек болды
Алматыда суицид жасамақ болған қыз бүтін бір үйді жарып жібере жаздады. Өз пәтерінде құлыпталып алған 19 жастағы студент газ пешін ашық қалдырып, от жаққан.
18.03.2020
Жарылыстан пәтердің сау-тамтығы қалмады. Есігі жұлынып, ал терезелері жақтауымен қоса ұшып кетті. Тағы бірнеше үйдің есігі бүлінді. Далаға қарай ұшқан әйнек сынықтары аулада қаңтарылып тұрған көліктерге тиген. Абырой болғанда, балалар алаңқайында адам болмаған. Ал жарылып өлмек болған қыз бет-аузы мен қол-аяғы күйіп, ауруханада жатыр. Тәртіп сақшылары бойжеткеннің не себепті суицид жасамақ болғанын анықтауда. 19 жастағы қыздың бұл әрекетіне көршілер таңданып отырған жоқ. Айтуларынша, студент бұған дейін де өлгісі келетінін айтып, талай рет айқайға басқан екен.
Дмитрий Парфентьев, Алматы қаласының тұрғыны:
- Ол екі күн қатарынан «өлем» деп айқайлады. Дауысы қабырғадан қатты естілді. Ақыры қоймаған соң, көршілер полиция шақырттық. Өзі біртүрлі қыз болатын. Ешкіммен сөйлеспейтін. Есірткіге тәуелді деп естідік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!