Сарапшылар: Экономикамыз бәсеңдеп, инфляция деңгейі өсуі мүмкін
Әлемдік нарықта қара алтын құны тағы да құлдырады. Қазір брент маркалы мұнайдың бір баррелі 29 доллар доллар шамасында сатылуда.
18.03.2020
Бұл кешегі бағамен салыстырғанда төрт пайызға арзан. Мұндай арзан мұнай соңғы рет 2016 жылы тіркеліпті. Бұл жолы қара алтын құны Ресей мен Сауд Арабиясының ортақ мәмілеге келе алмауының кесірінен құлдырып отыр. Осыдан болар, біздің елде төл теңге тағы да арзандады. Бүгін ақша айырбастау бөлімшелерінде бір доллар орташа 442 теңгеден сатылуда.
«Шикізат бағасы осы қарқынмен төмендей берсе, біздің елде бюджет тапшылығы сезілуі мүмкін», - дейді сарапшылар. Өйткені Қазақстанда өндірілетін мұнайдың өзіндік құны шамамен 25 доллар көлемінде. Егер әлемдік нарықтағы баға осы межеге дейін құлдыраса, біздің ел қара алтыннан көк тиын пайда көрмейді. Яғни, елдің экономикалық даму қарқыны бәсеңдеп, инфляция деңгейі өсуі мүмкін дейді сарапшылар.
Меруерт Махмұтова, қаржы сарапшысы:
- Биылғы жылы экономикалық даму 4,1 пайызға жоғарылайды деген Үкімет болжам жасаса, сол болжамның бүгінгі таңда іске асуы күмән тудырып отыр. Сондай-ақ, инфляция да 4-6 пайыз көлемінде болады деген болжам да іске қосылмайды деп ойлаймын. Бюджет тапшылығы, әрине, ұлғаяды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!