Аймақтардағы қымбатшылыққа шенеуніктер міз бақпай отыр
Қымбатшылық қинайтын түрі бар. Коронавирустің дендеуі мен доллардың бағамының қос бүйірден қысуы сол-ақ екен, азық-түлік бағасы шарықтап шыға келді. Бұқара оны ауыздықтай алмаған жергілікті билікке өкпелі. Ал шенділер: «Тауарлар құны көтерілді деген – бекер» деп міз бақпай отыр.
Автор: Руслан Әбдіхалық
18.03.2020
Ақтөбеде көкөніс тапшылығы сезіле бастады. Тіпті жауық арада картоп, сәбіз бен пиязды мүлде таппай қалуыңыз ықтимал. Бұл тауарлардың қат болуына байланысты бағасы да көтерілген. Әр келісіне кемі 20-30 теңгеден қосылған.
Асылбек Атылаев, саудагер:
- Қазір көкөніс бағасы көтерілуде. Көкөністер мысалы, Қостанай, Орал бар жаңағы бәрі бәрі бағасын көтеріп жіберіп жатыр. Белгілі себептерге байланысты. Ресей, Өзбекстанның шекара жерлерінде карантинге байланысты тауарлар өткізбей жатыр.
Тараздағы көтерме базарда тауар тапшылығы болмағанымен, бағада едәуір өзгеріс бар.
- Мына алмаңыз бұрын қаншадан сатылып еді, қазір қаншадан?
- Бұрын 320-ден, қазір 400 теңге.
Өңірде көкөніс құны жаппай қымбаттаған. Өзге де азық -түліктің бағасы жетісіп тұрған жоқ. Мәселен,ұн мен қант, сұйық май мен тауық етінің құны шарықтады. Әр саудагер ойына келген бағаны белгілеуде. Бұл бұқараның ашуын туғызды.
Сейділдә Пірімқұлов, Тараз қаласының тұрғыны:
- Бағаны бақылау керек. Бұл деген не деген сұмдық! Бүкіл халықтың қалтасын қағып жатыр. Неге халықты қанайды?!
Кей тұрғындар жоғары сұрыпты ұн таппай сенделіп жүр. Кәсіпкерлердің сөзінше, ұн тасымалдауды фирма доғарыпты. Ал шенеуніктер аймақтағы «ахуал тұрақты» деп міз бақпай отыр. Олардың айтуынша, әлеуметтік маңызға ие туарлар тізіміне кіретін тек қанттың құны өскен.» Басқасы баз қалпында» дейді.
Нұржан Календиров, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
- Жалпы, бүгінгі күні өңірде 19 әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша өсім байқалып тұрған жоқ. Біздің сауда орталықтарында ешқандай дүрлігу жоқ. Айталық, бүгінгі күні қанттың бағасы шамалы өскен.
Баға тұрақсыздығы Петропавлды да айналып өтпеді. Мұнда да қырыққабат, картоп, алма сынды көкөністер құны келісіне 20-30 теңгеге көтерілді. Сүт өнімдері де күннен-күнге қымбаттап барады. Алайда шенділер оны көрмейтін сыңайлы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!