Шымкентте ХҚКО-на келгендер бетперде таппай шу шығарды
Шымкенттегі халыққа қызмет көрсету орталықтарында бетперде режиіміне ел қарсылық танытып, тіпті орталықтың есігін бұзуға сәл қалды. Короновирусқа байланысты орталық ішіне бетпердесіз кіруге тыйым салынып, келушілерден бет-аузын тұмшалауды талап еткен. Алайда құжатын рәсімдеуге келгендер дәріханадан бетперде таппай, не ішке кіре алмай пұшайман болдық деп жатыр.
Автор: Бек Әбиев
18.03.2020
Наргиза Құрбанова, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Мен қазір қайта кетіп, бетперде іздеп, сонда ертең келемін бе? Өте ыңғайсыз! Клиникаларда бахилла қойып жатыр, тура солай мына жерге қойса, сатып алар едік өз ақшамызға. Дұрыс па? Міне, бәрі тұр, қараңыз, кіре алмай тұр.
Елдің айтуынша Шымкенттегі дәріханаларда бетперде табу мүмкін емес. Тапса да, ең қарапайымы 150 мен 500 теңгенің арасында сатылып жатыр. Сондықтан халыққа қызмет көрсету орталығына келгендер бірі бетін қағаз майлықпен басып, бірі бетіне киімін бетперде етіп кірмекші болған. Тек есік алдындағы күзетшілер жолын бөгеді. Орталық мамандарының сөзінше, бүгін таңертең жиналғандарды 10-15 адамнан шақтап кіргізбекші болған. Алайда бұл ойларынан түк шықпапты. Сыртта қалғандар ентелеп ішке кіреміз деген соң, ол ойынан қайтып, бетперде талап етіп жатыр. Ал оны таппай сенделген ел сату нүктесін «осы жерге қойсын» деп талап етуде.
Нұржан Пілманов, Абай аудандық ХҚКО бөлім басшысының орынбасары:
- Бұл немқұрайлы қарайтын нәрсе емес. Бәрі бетперде киюі тиіс, өзінің де, біздің де денсаулығымызға байланысты, біз баршадан бетперде талап етеміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!