{metadescription}
Коронавирус: Денсаулығы сыр берген соң, өзі жедел жәрдем шақырыпты
Коронавирус: Денсаулығы сыр берген соң, өзі жедел жәрдем шақырыпты

Коронавирус: Денсаулығы сыр берген соң, өзі жедел жәрдем шақырыпты

Бүгін Алматыда коронавирус жұқтырған тағы үш адам тіркелді. Олардың бірі – өткен жексенбіде Стамбұлдан ұшып келген 22 жасар қыз. Студент жедел жәрдемге өзі жүгінген. Сөйтіп, анализі алынып, оның қорытындысы науқастың қауіпті індетке шалдыққанын растады. Вирус анықталған екінші науқас өткен сейсенбіде Мәскеуден оралған екен. Ал, үшінші адамның вирусты қайдан әкелгені туралы әзірге ақпарат жоқ.

Осылайша елімізде коронавирусқа шалдыққандардың жалпы саны 36-ға жетіп отыр.

Алматыда індет жұқтырған тағы екі адам таңертең, ал үшіншісі кешке тіркелді. Белгілі болғандай, екі науқас шет елден келіпті. Бірі 1974 жылы туған келіншек. Ол Мәскеуден оңтүстік астанаға 10-шы наурызда оралыпты. Ал ауру анықталған екінші науқас – 22 жастағы студент. Ол үш күн бұрын Стамбұл-Алматы бағытымен ұшып келген. Денсаулығы сыр берген қыздың өзі жедел-жәрдем шақырыпты.

Тілеухан Әбілдаев, Алматы қаласы қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасының басшысы:

Стамбұлдан ұшып келген қыз өзі түнде жедел жәрдем шақырған. Бірақ аурудың айқын белгілері болмады. Алайда дәрігерлер анализ алып, таңертең науқастан коронавирус анықталып, инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Науқаспен араласқан адамдар оқшауланды. Түркиядан келгендер бұрын үй карантиніне жататындар тобына кірмеген болатын.

Вирус анықталған үшінші адам туралы Денсаулық сақтау министрлігі ақпарат бермеді. Осымен мегаполистегі коронавирусқа шалдыққандардың жалпы саны 18-ге жетті. Оның 14-інің жұқпалы аурулар ауруханасында, ал екі бала мен біреуінің анасының балалар жұқпалы ауруханасында ем қабылдап жатқаны белгілі. «Олардың жағдайы қанағаттанарлық», дейді  дәрігерлер. Ал полицейлер қауіпті індетті жұқтырғандармен байланыста болған адамдарды іздеуді жалғастырып жатыр. Біразы табылып, карантинге жатқызылған.

Қанат Таймерденов, Алматы қаласы полиция департаментінің басшысы:

- Қазіргі таңда департамент тарапынан коронавирустық инфекцияның алдын алуға, оған тосқауыл қоюға бағытталған шаралар жалғасуда. Басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп отырып инфекцияға душар болған азаматтарға қатысты болған тұлғаларды іздестіруде. Бүгінгі таңда осындай 798 азаматтар саны анықталып, олар медициналық мекемелерге жеткізілді.

Алматы бойынша індеттің әрі қарай таралуына жол бермеу үшін Үкімет резервінен 73 жарым миллион теңге, жергілікті бюджеттен 94 жарым миллион бөлінген. Сондай-ақ, Қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасы өзге органдармен бірлесіп тағы қосымша қаражат бөлу туралы өтініш жолдапты. Айта кетейік, мұнда коронавируспен күреске 1300 дәрігер жұмылдырылған.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде