Түркістан облысындағы Қарабура ауылындағылар жер үшін қырқысуда
Түркістан облысында жер үшін ауыл тұрғындары мен жер иелері қырқысып жатыр. Келес ауданына қарасты Қарабура ауылында 13 жыл бұрын суармалы жер мен жайылым жалған құжатпен тұтастай жекеменшікке өтіп кетіпті. Енді ауылдағы баладан бастап, еңкейген кәріге дейін құл базарға шығып, жалданып жұмыс істеуге мәжбүр екен. Ал егін салып, мал асырау үшін жер сұрағандарға иесі тісін батырып, тіпті малын атып тастайтын болған. «Жалтақтаған құлға айналдық» деген Қарабура жұртына тілшіміз барып келді.
Автор: Бек Әбиев
19.03.2020
Қарабура ауылында 200 гектардан астам жер бар. Нақтырақ айтсақ – болған. Колхоз тараған соң ауданның қорына өткен суармалы және жайылым жерді 2007 жылы «Өтебай» мекемесі «ұжым боламыз» деген негізбен жалға алған. Алайда жалпы ауылға тиесілі болған жер бір кәсіпкердің иелігіне өтіп кетіпті. Содан бері жалға алғандар оны халыққа әр соттығын 15 мың теңгеден жалға береді екен. Ал жекеге айналған жайылым жерге жақындаудан да қорқамыз дейді.
Ыбырахым Малдыбаев, Қарабура ауылының тұрғыны:
- Осы 13 жылдан бері жерімізді бермей, жайылымға барған итімізді атып, сиырымызды атып, есетерімізді атты. Ауыл ішінде мылтығын асынып жүреді. Ауылымыздың 6 жастан 70 жасқа дейінгі қариялары бәрі қорқады одан, мылтық асынып жүргеннен.
Бір кездегі диқандар егін де сала алмай, малын да жая алмаған соң, «әркімге жалданып жұмыс істеуге мәжбүрміз» деп шағымданған. Жерге ие болғандар «тізесін батырады» дегендері сол еді, жиналған жұртқа жетіп келген жер қожайындарының бірі сөйлеп тұрғандарға тап берді.
Елді сыбап, қол сермеген қария «Өтебай» мекемесінің басшысы Сансызбай Байболовтың ағасы екен. Жер иеленіп отырған кәсіпкер телефонмен өзінде құжаттың бәрі дұрыс екенін, елдің сөзі жала екенін айтады. Тіпті, «кездескің келсе, әкімдікке кел» деген азамат елге жалға болсын жер беріп отыр екен-міс. Ал жерді біржола сұраған жұртқа өкпесін айтты.
- Қайта менің беріп жатқаныма рақмет айт демей ме?
Кәсіпкер: «Егер аудан әкімі келсе, мен де барамын» деген. Тек, жиылғандарға әкім келген жоқ. Орнына келген жер қатынастары бөлімінің басшысы елдің бірнеше жылдан бері түсіріп жатқан шағымын қарауға уақыт болмағанын айтады.
Бауыржан Бейсенқұл, Келес ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- 30 гектар жерді бердім деді. Біз ол кісінің сөзіне сеніп отырмыз ғой. Жақсы, құжаттарды көтерейік. Тексерейік. Енді мен қазір сізге нақты бірдеңе дей алмай тұрмын. Халыққа қазір мемлекеттік актісін аламын деп, бірдеңе айта алмай тұрмын. Біз құжаттарды қайта тексерейік.
Шенеуніктерге сенбеген ел былтырдан бері заңгер жалдап жерді қайтармақшы. Заңгердің зерттеуінше, ауданның жер қорынан жекеге өтетін кезде жалған құжат жасалған. «Қарсы емеспіз» деп қол қойған тұрғындардың қолдары да жасанды дейді. Енді қажетті құжатты жасап жатқандар жекедегі жерді аудан қорына қайтару үшін соттаспақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!