Теңгеде құн қалмады – Валюта нарығындағы дүрбелең
Теңгеде құн қалмай барады. Бүгін ұлттық валюта тағы бір тарихи рекорд орнатты. Алматыдағы ақша айырбастау бөлімшелерінде бір доллар 482 теңгеден сатылды. Ал кей бөлімшелер валюта айырбастауды мүлдем тоқтатып тастаған. Өйткені доллардың бағасы сәт сайын қымбаттап барады. Бұған әдеттегідей әлемдік нарықта мұнай бағасының күрт арзандауы себеп. Валюта нарығындағы дүрбелеңді тілшіміз зерттеп көрді.
Автор: Диас Нұрақын
19.03.2020
Бүгін Алматыдағы ақша айырбастау бөлімшелері мүлдем жұмыс істеген жоқ деуге болады. Әшейінде қызылды-жасылды болып жанып тұратын бағаналары да толық сөнген. Тек кейбірі ғана долларды 450 теңгеден сатып алып жатыр. Ал сатуға келгенде сараң.
Ал кейбір ақша айырбастаушылар ойына келген бағаны қойып, бір долларды 482 теңгеден сатты. АҚШ валютасының аспандап кетуіне сол баяғы мұнай бағасының күрт құлдырауы себеп. Бүгін қара алтынның баррелі бірден 14 пайызға арзандап, 25 доллар болды. Экономикасы шикізатқа тәуелді мемлекеттер мұндай сұмдықты 2002 жылдан бері көрмепті. «Егер әлемді жалмаған пандемия мен мұнай өндіруші алпауыттардың алауыздығы жалғаса берсе, бір доллардың 500 теңге болатын күні де алыс емес, - дейді сарапшылар.
Арман Бейсембаев, қаржы сарапшысы:
- Мұнай бағасы 11 долларға дейін арзандайды деген болжам бар. Өйткені тек біздің елде емес, өзге мемлекеттерде де коронавирусқа қатысты карантин жариялап жатыр. Демек, өндіріс тоқтап, ірі зауыттар жабылуда. Тиісінше, жанармайға деген сұраныс азаяды.
Ақша айырбастау бөлімшелері шетінен жабылып қалуы бекер емес. Бір өзгерістің боларын сезіп, әліптің артын бағып отырған сияқты. Яғни бұл дауыл алдындағы тыныштық. Өйткені бүгін таңертең Қазақстан қор биржасында ешқандай сауда-саттық болмаған. Сондықтан Ұлттық банк пен қор биржасы бірлесіп алдағы уақытта доллар-теңге жұбын франкфурттық аукцион түрінде саудалауға шешім қабылдапты.
Франкфурттық аукцион түрінде сауда-саттық өткізу туралы шешім клиенттердің қолда бар өтініштерін қанағаттандыруға және валюта нарығындағы тұрақсыз жағдайды болдырмауға мүмкіндік береді.
Қарапайым жұртқа доллардың қандай аукцион түрімен сатылағаны маңызды емес. Тұрғындар алатын «айлығым-шайлығыма жетеді ме?» деп алаңдайды. Өйткені экономикамыз экспортқа тәуелді біздің елде доллар қымбаттаса, кедейліктің қамытын киетіндер көбейеді. Қазірдің өзінде 1 доллар орташа есеппен 453 теңгеден сатылуда. Бұлай жалғаса берсе, бәріміз «100 мың теңгең болғанша, 100 долларың болсын» дейтін хәлге жетеміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!