Блок бекетке 300 метр жетпей қалған қаражарлықтардың жағдайы қиын
Нұр-Сұлтан қаласында кіріп-шығып жатқандарға бақылау күшейді. Жалпы, елорда бойынша 7 блок-бекет қойылған. Соның біреуі Қаражар ауылына небәрі 300 метрдей жетпей қалған. Енді тұрғындары 22-ші наурыздан кейін қаладағы жұмысына жете алмай қалайын деп тұр.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
19.03.2020
Елордаға кіріп-шығып жатқандарды бақылау түннен бері күшейген. Келіп-кетіп жатқандардың аты-жөні, сапар мақсаты мен денсаулық жағдайына дейін тексеріп жатыр. Әрі карантин жағдайындағы шектеулер де түсіндірілуде. Ал карантин аумағына кірмей қалған ауылдардың назы бөлек.
Блок бекет Қаражар ауылына 200-300 метр жетпегендіктен, ауылдықтардың жағдайы қиындай түскен. Себебі, Қаражар ауылының тұрғындарының 70-80 пайызы қалаға қатынап жұмыс істейді.
Арнайы рұқсат парақшасының өзімен қалаға жету үшін межелі жеріңе үш-төрт сағат бұрын шығу керек.
Алма Нұрахметқызы, Қаражар ауылының тұрғыны:
- Ауылдың барлығы қалада қатынап жұмыс істейді. Екіншіден, күнара азық-түлік алып отырмыз, су алу керек. Жүкті әйелдер көп, ауру балалар бар, мүгедек. Солардың барлығына жедел жәрдеп келіп тұру керек.
Қаражарға карантин жағдайында дәрігерлердің көмегі аудан орталығынан келетін болады. Ауылдық округ әкімінің сөзінше, карантин аумағына кірмеген ауылдықтар қауіптің оқшауланғанын түсінуі тиіс дейді. Ал блок бекеттердің аумағын жасақтауда ешкім олармен санаспапты.
Саят Қаханов, Қараөткел ауылдық округінің әкімі:
- Қаражар ауылын карантин аумағына енгізу керектігін айттық. Бірақ шешімді астанадағылар қабылдады. Бұл ауылдың тұрғындары қауіпті жағдайды түсініп, дүрлікпеулері тиіс деп ойлаймын.
Жалпы елордамен қоңсылас қонған елді мекендердегі көптеген тұрғындар қалаға қатынап жұмыс істейді. Сондықтан оларды карантиндегі жүріп-тұру шектеулері ерекше алаңдатаны да түсінікті. Бірақ біршама ауыл Нұр-Сұлтан қаласымен бірге оқшауланады.
Бақтияр Мәкен, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары:
- Қала басшылығы Талапкер, Қараөткел, Қоянды, Қосшы, Жібек жолы, Шұбар ауылы тұрғындарының қозғалыс мәселесін реттейді. Бұл елді мекен тұрғындарының қала шеңберіндегі қозғалыс ережелерімен қала тұрғындарына теңдей санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай карантин аумағы қала сыртындағы елді-мекендердің шекарасына дейін барынша кеңейтілді. Яғни, блок бекеттер осы ауылдардың сыртына орналастырылды.
Жалпы Нұр-Сұлтаннан шыға берістерде 7 блок бекет орналастырылған. Барлық азаматтарға қалаға кіруге немесе басқа өңірге шығып кетуге 72 сағат берілді. Бұл уақыт өткен соң, қалаға қандай да бір көлікпен кіріп-шығу мүмкін болмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!