Балалар мен жасөспірімдер театры аурухана мен балалар үйіне бетперде тігіп таратуда
Жұмыла көтерген жүк жеңіл! Алматыда театр қызметкерлері де медициналық бетперде тіге бастады. Наталья Сац атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының тігіншілері сахна киімінің орнына бетперде дайындап, аурухана мен балалар үйіне тегін таратуда.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
27.03.2020
Карантинге қарамастан театр ішіндегі жұмыс қыза түскен. Халықаралық театр күнінде әртістер әдеттегідей дайындығын пысықтап жатыр. Сахнада кезекті спектаклін қойған актерлерге көрерменнің жоқтығы кедергі емес. Ал тігін цехында түрлі киім тігетіндер енді бетперде жасауға шындап кіріскен. Күні-түні тыным таппайтын қызметкерлер бір тәулікте кемі 300 бетперде дайындайды. «Дегдар» қорының қолдауымен матадан жасалған бетперделер Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен №2 клиникалық ауруханасына және «Мен алматылықпын» әлеуметтік жобасының еріктілеріне таратылауда.
Олег Гостев, Н. Сац атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының директоры:
- Бүгінде театр өз бағытын мүлдем өзгертті. Оған себеп те бар. Қазір еліміз бойынша медициналық бетперде тапшы. Сондықтан біздің тігін цехында жұмыс тоқтамайды. Сын сағатта біз «Дегдар» қорының қолдауымен 5 мыңға жуық бетперде тігуді жоспарлап отырмыз. Сосын дайын болған медициналық өнімді ауру ошағында жүрген ерікітілерге тегін таратамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!