Волонтер: Дәрігерлерді көргенде жылап жібере жаздадым
Карантиндегі қайырымдылық! Алматыда еріктілер игі іс жасауды жалғастыруда. Бұл жолы көмекке зәру отбасыларға емес, халықтың өміріне араша түсетін ақ халаттыларға көмектесіп жатыр. Еріктілер олар күн сайын дәрігерлерге тамақ жасап, тегін таратып жүр.
Автор: Салтанат Шырынхан
27.03.2020
Алматылық келіншек Рәсима Темірбаева бұған дейін қамқорлыққа мұқтаж қарт кісілерге күніне тегін тамақ таратып келген. Ал дүниежүзін дүрліктірген дерт дендегелі дәрігерлерге көмек қолын созуды жөн көріпті. Өйткені карантинге қатысты жұрт жаппай жұмыссыз жатқанда, ақ халаттылардың еңбегі зор екенін айтады.
Рәсима Темірбаева, қайырымдылық акциясын ұйымдастырушы:
- Мен дәрігерлерді көргенімде жылап жібере жаздадым. Өйткені олар өз өмірлерін, денсаулықтарын осы жолда құрбан етуде. Ал біз оларға қолдау білдіріп, жігерлендіруіміз қажет. Сөйтіп, жақын жердегі жедел жәрдем қызметкерлері қайда орналасқанын сұрап, оларға тегін тамақ жеткізіп беруге дайын екенімізді айттым.
Барлық жерде карантин болғандықтан, қарттарға тегін тамақ тарату ісі уақытша тоқтап тұр. Бірақ оларға көпке дейін жететін азық-түліктерін жеткізіп беріпті. Қазір мұндағылар күн сайын 100-ден аса ақ халаттыларға тамақ әзірлеуде.
Жұлдыз Әбдікәрімова, ерікті:
- Расима ханымға өзім хабарластым. Көмектесемін деп. Өз жұмысым бар. Төтенше жағдайға байланысты дәрігерлерге тамақ жасап, кішкене көмегіміз болсын деп жүрмін.
Осылайша сын сағатта жан-жақтан жақсылық жасап жатқандар саны күн сайын артуда. Бірі қорғаныш заттары, азық-түліктермен қамтамассыз етсе, енді бірі тегін тамақ әзірлеп қол ұшын созып жатыр. Мейірімділік марафоны әлі де жалғаспақ. Игі істі әрбір жомарт жан қолдай алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!