Жеке ұшақпен шетелге барған сот төрағасына қатысты тексеріс басталды
Жеке ұшақпен шетелге барған Нұр-Сұлтан қалалық сотының төрағасына қатысты тексеру жүріп жатыр. Тілектес Бәрпібаевтің Германияға жеке ұшақпен шыққаны бұған дейін айтылған болатын. Лауазымды судья енді Жемқорлыққа қарсы бюромен қоса, өз әріптестерінің алдында да жауап бермек. Өйткені Бәрпібаевтің сот әдебін сақтауына қатысты да қызметтік тексеріс басталған.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
27.03.2020
Нұр-Сұлтан қалалық сотының төрағасына қатысты тексерісті бастаған – елорданың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мен Жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік қызметі. Бәрпібаевтің Германияға баруының мәнін әркім әрқалай топшылайды. Кей ақпарат көздері ем қабылдап жатқан баласының жайын білмек болды десе, енді біреулері Тілектес Бәрпібаевтің өзі ота жасатуға барған дейді. Қалалық соттың мәлімдеуінше, ақпанның 28-де Бәрпібаев Германияға құдасының жалдаған ұшағымен шыққан. Қазіргі уақытта ол Германияда ем қабылдап жатыр. Нақты мәліметті Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюродағылар тексеріс жұмыстары аяқталған соң жариялаймыз деп отыр.
Жазира Жылқышиева, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департамент бастығының орынбасары:
- Тексеру барысында анықталғаны жеке ұшақты Германияда медициналық ота жасауға Бәрпібаевтің туысы, кәсіпкер жалдаған. Бүгінгі таңда Бәріпбаевтің сот әдебін сақтау мәселелері Жоғарғы соттың комиссиясымен қаралуда. Нәтижесі мен тиісті шешімдер шығарылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!