Жасырын жолдар! КТК тілшісі блок-бекеттердің беріктігін бақылады
Адамнан айла артылмайды! Алматыдағы блок-бекеттерді айналып өту үшін тұрғындар түрлі қулыққа барып жатыр. Бірі қоқыс таситын көлік жүргізушілерімен ым-жымдасса, енді бірі қоршау арқылы қалаға емін-еркін кіріп-шығып жүр. Тіпті ақшасын берсең бекеттерден өткізіп жіберетін «құзырлы орган қызметкерлері» де бар көрінеді. Десе де тәртіп сақшылары күн сайын бақылаусыз қалған өткелдер мен төте жолдарды жауып әлек. Соған қарамастан карантин режимін бұзған 132 адам ұсталыпты.
Автор: Диас Нұрақын
27.03.2020
Алматыны айнала қоршап тастағанымен, ашық қалған өткелдер әлі де жетерлік. Мәселен бұл видео бүгін ғана Алтын Орда базарында түсірілген. Мұнда қоршау арқылы ел-жұрт арлы берлі емін-еркін өтіп жүр. Облыстан-қалаға немесе кері қайту үшін тек екі метрлік қоршаудан қарғып өтсең болды.
- Міне, Алтын орда. Емір-еркін кіріп, шығып жатыр. Карантин – теледидарда ғана, Алтын ордада – жоқ.
Ал секіруге шамам жоқ десеңіз, бекеттен еш кедергісіз өткізіп жіберетін көмекшілер де табыла кетеді. Мәселен, мына жігіт қаладан кіріп-шығуға бар жағдайды жасап беремін дейді. Тек 10 мың теңге төлесеңіз болды. Тіпті сөзіне сендіру үшін өзін жемқорлыққа қарсы мекемеде жұмыс істеймін деп таныстырды. Яғни, бекеттерде «бармақ басты, көз қыстыға» жол бермеуді қадағалаймын деген азамат арғы бетке өткізіп жіберу «қолымнан келеді» дейді.
Карантин кезінде қоқыс таситындар да қарпып қалғысы келетін сияқты. Өйткені тазалыққа жауапты қызметкерлердің бекеттен еркін өтуіне рұқсат берілген. Осыны пайдаланған қоқыс көлігінің жүргізушісі ұсталып қалды. Ол кеше түнде облыс тұрғынын 5 мың теңгеге қалаға алып өтпек болыпты.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
- Бүгін түнгі екі шамасында 7-ші бекетте орын алған оқиға. 1994 жылы туылған Алматы облысының тумасы өзі қоқыс таситын көлік жүргіузішісі көлігіне 2001 жылғы тұрғынды отырғызып, 5 мың теңге алған. Қалаға заңсыз кіргізбекші болған.
Полицияның мәліметінше соңғы екі аптада карантин режимін бұзған 132 адам ұсталыпты. Оның 74-і 15 тәулікке қамалып, қалғандары айыппұл арқалаған. Сондай-ақ тәртіп сақшылары Алматының айналасындағы 40-қа жуық өткел мен жасырын жолдарды жаптық дейді. Бірақ бақылау күшейсе де есіктен кіріп, тесіктен шығып жүргендер азаяр емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!