{metadescription}
Коронавирустан көз жұмған әйелді құтқаруға болар ма еді? 
Коронавирустан көз жұмған әйелді құтқаруға болар ма еді? 

Коронавирустан көз жұмған әйелді құтқаруға болар ма еді? 

Коронавирустан көз жұмған әйел үйіне үш рет жедел жәрдем шақырған. Ақмола облысының 64 жастағы тұрғынын тек үшінші қайтара келгенде ғана ауруханаға әкетіпті. Оған дейін дәрігерлер жедел респираторлық инфекция деп қоя берген екен. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы енді мұндай жайттарға аса сақтықпен қарайтынын айтып отыр. Ал науқас әйелмен байланыста болған кісілердің барлығы медицина қызметкерлерімен қоса қоғамнан оқшауланған.

Қайғылы жағдай болған Елорданың іргесіндегі Қосшы ауылы күнделікті бейғам тіршілігін кешіп жатыр. Бірақ көшеде әдеттегідей адам қарасы қалың емес. Қазірше коронавирустан көз жұмған 64 жастағы әйелді құтқарып қалуға болар ма еді деген басты сұраққа айналып тұр. Әлеуметтік желілерде тараған видео сол ойдың ұшқынын туғызады. Өйткені, ол кісі 25-і күні дүние салмас бұрын, үйіне үш қайтара жедел жәрдем шақыртқан.

Жүрегін тексерді, кардиограмма жасады. «Қалыпты, жүрегі жақсы, жата беріңіз, өлмейсіз» деді. Кетіп қалды. Бір жарым тәуліктен соң жағдайы тағы қиындады. Бес сағаттан кейін. Жедел жәрдемді үшінші рет шақырттық. Келді. Жөні түзу жігіт келді, бәрін өлшеді, сосын бірден көлікке салып, ауруханаға алып кетті.  

Елордадағы №2 көпбейінді облыстық ауруханасының алдына бүгін түсте карантин туралы ескерту іліп жатыр. Осыдан 10 күн бұрын барлық медицина мекемелерімен бірге бұл жер де карантинге жабылуы тиіс еді. Бірақ министрдің бұйрығы енді ғана жеткендей. Хош. Облыстық басқарма өкілдерінің айтуынша, марқұмның коронавирустан бөлек, ілеспе сырқаттары болған екен. Дәрігерлер сонымен шатастырғанға ұқсайды.

Сулен Ілиясов, Ақмола облыстық ДСБ басшысының міндетін атқарушы: 

- Науқаста сол 25-і күнгі болған ауру белгілері оның алдыңғы күндері байқалмады. Себебі бұрыннан қант диабеті және артериалды гипертониясы болған. Сондықтан жеңіл дәрежедегі жедел респираторлық вирустық инфекция деп бағаланды. Ал 25-і күні температурасы 38,2 градусқа жеткен. Сөйтіп екі өкпесінің қабынуынан көз жұмды.

Марқұм әйелмен байланыста болған туған-туыстары және де аурухана қызметкерлері түгел оқшауланып, медициналық бақылауға алынған. Сондай-ақ, алдында Шу мен Алматыда құдалыққа қатысып қайтқаны белгілі болып еді. Қазір Алматыда сол кісімен байланыста болды деген адамдардың үйі де оқшауланған. Маңына ешкімді жуытпайды. Енді мәселе, қайтыс болған адамды жерлеу.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Бүгін кешке немесе ертең таңертең бас санитар-дәрігердің ресми қаулысы шығады. Ол жерде қатаң сақталуы тиіс ережелер көрсетіледі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен православия шіркеуі де тиісті пәтуа мен ескертулер әзірлеп жатыр.

Қауіпті індеттен көз жұмған әйел жатқан аурухана. Қазір айналасы қоршалған, ішке қарай тірі жанды аттап бастырмайды. Ал бүгін марқұмның денесі жер қойнына табысталғаннан кейін үйінде толық дезинфекция жүргізіледі. Мұндай жағдайға бірінші рет тап болғанын айтқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұдан былай осындай науқастардың жағдайына аса сақтықпен қарайтынына сендіргісі келеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде