Алматыдағы індет ошақтарынан репортаж
Алматыда коронавирустың тағы 5 ошағы оқшауланды. Онда тұратындар енді жарты ай бойы ешқайда шыға алмайды. Бір тұрғын үйдегі шектеу түнде алынған. Өйткені мұндағы Covid-19-бен ауырған науқас жазылып шығыпты. Осылайша мегаполистегі індет ошақтарының жалпы саны 24-ке жетіп отыр.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
27.03.2020
Бес қабатты тұрғын үйдің бір бөлігі қаладағы коронавирус ошақтарының бірі. Тұрғындардың айтуынша, нысанның бірінші подъезді екі күн бұрын қоршауға алынған. Бірінші қабаттағы азық-түлік дүкені де оқшауланып, жұмысы тоқтатылыпты.
Осындағы дүңгіршекті жалға алушы бізге телефон арқылы мән-жайды айтып берді. Оның сөзінше, дүкен иесінің екі жасар баласынан коронавирус анықталыпты. Отбасы осы үйдің бірінші қабатында тұрады екен.
- Бір баладан ауру табылды. Жасы шамамен 2-де. Сөйтіп бүкіл отбасын ауруханаға алып кетті. Біз ол жерді жалға алғанбыз. Мен дәрігерлерге айттым. Бірақ олар бізді таза ауада сауда жасайтындықтан алып кетпейміз деді.
Ауру ошағындағы жұрттың сыртқа шықпауы, ал бөгде адамдардың аумаққа кірмеуі үшін жан-жақта полицейлер тұр. Әрі мұнда вирус қаупі туралы хабар берер ескертпе ілінген. Ал бастапқыда шошып қалған тұрғындар болса, қазір сабырға келгендей.
Зәуреш Ахатова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Қалай тапты, бірден бір жарты сағаттың ішінде бәрін қоршап, ешкімді кіргізбей, шығармай. Бәрі бақылауда болғаннан кейін ешқандай қорқыныш жоқ. Аман-есен өтсек болды.
Тұрғындар азық-түлікті жеткізу қызметінің көмегімен алып жатыр. Соңғы оқшауланған ауру ошақтарының бірі «Мамыр-4» ықшамауданындағы тоғыз қабатты үйдің подьезі. Ақ халаттылар бұл нысанның жетінші қабатынан коронавирус шыққанын айтады. Яғни, онда індетке шалдыққан жас қыз тұрған. Ол Грузиядан келген көрінеді. Сол себепті, оқшауланған нысанға қазір тек дәрігерлердің кіруіне рұқсат.
Ләззат Диқанбаева, №18 қалалық емхананың дәрігері:
- Күнде түске дейін бір келеміз, түстен кейін тағы да бір келеміз. Сосын тұрғындардың барлығының үйіне кіріп температурасын өлшейміз, тамағын қараймыз, түсіндіру жұмыстарын алып барамыз.
Дәрігерлер мұнда қызуы көтерілген тұрғындар жоқ дейді. Алматыдағы кей тұрғындар осылай енді ғана карантинге жабылып жатса, бірі мұндай күндерді артта қалдырған.
Бұл көпқабатты тұрғын үй де бұған дейін ауру ошақтарының қатарына кірген. Алайда бүгін түннен бастап бұл тізімнен алынып тасталды. Сөйтіп нысандағы шектеу шаралары түгелдей тоқтатылды. Қазір мұндағы тұрғындар әрі-бері еш кедергісіз кіріп-шығып жүр.
Соған қарамастан ауру ошақтарының саны көбейіп барады. Соңғы тәулікте қалада 5 нысан қоршалып отыр. Осылайша коронавирус қаупі жоғары аумақтардың жалпы саны 24-ке жетті.
Оның ең көбі Түрксіб ауданында. Мұнда індеттің 7 ошағы бар. Алмалы және Медеу аудандарында – төртеуден. Үшеуі – Алатау ауданында. Ал Жетісу мен Әуезов аудандарында – екеуден, Наурызбай, Бостандық аудандарында бір-бірден. Шенеуніктер оқшауланған тұрғындардың тәртіпке бағынуын сұрайды. Ал карантин режиміне мойынсұнбай, қарсылық танытқан адамдардың 15 күнге дейін абақтыға қамалуы мүмкін. Егер сақшылармен төбелесуге дейін барса, 3 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!