Қара жұмысшылар жәрдемақы ала алмай жүр
Кірісін жоғалтқан азаматтарға беріліп жатқан жәрдемақыны қара жұмысшылар ала алмай жүр. Өйткені күнделікті жалақысын қолма-қол алатын олардың жұмыс істегені туралы ешбір дәлелі жоқ. Отбасын бір жалақымен асырап отырғандар енді не істерін білмей әлек. Айтып өтейік, Үкімет әлеуметтік төлем тағайындады. Алғашқылары алып та жатыр. Ал тіршілікті тұралатып тастаған карантиннен елордада мыңдаған адам жұмыссыз қалған.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
30.03.2020
Мұрат Нұрмағамбетов Жамбыл облысы мен елорданың арасын жалғап, жеке компанияда еш құжатсыз нәпақасын тауып жүрген. Жол салумен айналысқан ол карантиннің кесірінен бас қаланың шекарасынан аттап кете алмаған. Өйткені шықса, кіре алмайды. Күнін көру үшін кейін көлік жөндейтін орынға жалданып жұмыс істейді. Бірақ қазір ол жердің есігінде де қара құлып.
Мұрат Нұрмағамбетов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Жеке меншікке кіргеніме көп болған жоқ. Өтініш жазбай кірген едім. Енді ол жерден шыққанда да жұмыстан шықты деген құжат жоқ. Айда табуға шыққанмын, СТО-ға. Енді ТҚКС-ны (СТО) жапты. Жұмыс істеткізбей жатыр.
Бұл отбасының ай сайынғы несиесі мен жалдаған пәтерінің төлемі отағасына ғана артылған. Әйелі Индираның мүмкіндігі шектеулі. Мүгедектігіне байланысты алатын жәрдемақы оның дәрісінен ауыспайды. Ал жұмыссыз қалған Мұрат: «Мемлекеттің 42 мың теңгесіне де ілікпеймін, ұрлық жасамасам болғаны» деп әзілдейді.
Мұрат Нұрмағамбетов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Ақшаны қайдан алатынымды білмеймін. Балалар аш болса, ұрлыққа шығайын ба? Не істеу керек?
Ел билігінің де қорқатыны осы. Қол қусырып қалғандардың шалыс басып, қылмысқа баруына жол бермеу. Сол себепті, әлеуметтік сақтандыру қорынан да қомақты қаржы бөлініп жатыр. Жұмыссыздарға 42 500 теңге берілмек.
Бақтияр Мәкен, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары:
- Жұмысыз қалған азаматтардың арнайы біз жұмыс орталығына онлайн арқылы төлем басталады. Бүгінгі күні 300 өтініш түскен болатын. Жұмыстан айырылған азаматтарға, жұмыскерлерге берілетін болады. Оның көлемі – 42 мың теңге.
42 500 теңгені құрайтын карантиндік төлемді алуға кезекте тағы 480 мекеменің 2828 қызметкері тұр. Бұл адамдар тек басшылығының арнайы өтінімімен жәрдемақыға қол жеткізіп отыр. Бас шаһарда 120 мыңға жуық тұрғын жұмыссыз қалды.
Соңғы ережелерге сәйкес, нәпақасынан айырылғандар басшысының өтінішін күтпей-ақ, өздері де жәрдемақы алуына болады. Ол үшін электронды үкімет қажет болады. Ал әлеуметтік төлемдерді тағайындау туралы өтініштерді қарау мерзімі үш күнді құрайды. Жәрдемақы тек төтенше жағдай кезінде беріледі.
Ал кейіпкеріміз Мұрат сияқты жалданып немесе адам тасып жүрген такси жүргізушісі, салықтан жалтарып күнін көріп жүргендер әлеуметтік төлемді алу үшін онлайн орталыққа өтініш жіберуі қажет. Орталықтағылар тексере келе, жұмыссыз ретінде базаға енгізіп, арнайы көмек береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!