Карантин режимін бұзғандарды қалай жазалайды?
Карантинге байланысты енді Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында көшеде бей-берекет жүрген жұртты полиция жауапқа тарта бастайды. Тәртіп сақшылары жұмыс істеуге рұқсаты бар азаматтардың ғана қозғалысына шектеу қоймаймыз деп отыр. Ал қалғандарына үйден себепсіз шықпауға кеңес береді. Карантин режимін бұзғандарды қандай жаза күтеді? Толығырақ тілшіміз Сымбат Ғалымбекұлы тарқатып айтсын.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
30.03.2020
Жұқпалы дерттің одан бетер жайлап кетпеуі үшін ірі мегаполистерде карантин тәртібі күшейтілді. Мәселен, елордалық тәртіп сақшылары көшеде арлы-берлі жүйткіген әр көлікті тоқтатып, жүргізушілерді жіті тексеруге көшкен.
Енді карантин кезінде себепсіз қала кезетіндер 26 мың теңгедей айыппұл арқалайды. Жұрт үйінен 500 метр қашықтықта азық-түлік немесе дәрі-дәрмек алатын дәріхана болмаса ғана қалада емін-еркін қозғала алады. Ал жұмыс бабымен жүргендер анықтама қағазын міндетті түрде көрсетуі тиіс.
Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:
- Егер сізді полиция қызметкері тоқтатса, дауырықпаңыз. Қолыңызда анықтама қағазы болмағанның өзінде жұмыс телефонын беріңіз. Қандай жаза болмасын, барлығы сот арқылы шешіледі. Бірақ кез келген азамат карантин режимін сақтауы керек. Бұл өте күрделі ауру. Індеттің кеңінен жайылуына жол бермейік.
Алып шаһар Алматыда да сақтық шаралары күшейтілді. Соның салдарынан қалада ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Полиция қала ішінен қосымша 27 блок-бекет қойып, бей-берекет жүрген азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ал әр бекетте орнатылған «Сергек» камерасы қауіпсіздікті жіті қадағаламақ. Полиция департаментінің бастыңы қас қарайғанда көлігімен жүретіндер ереже бұзбаса, жазаға тартылмайтынын айтты.
Қанат Таймерденов, Алматы қалалық ПД бастығы:
- Бірінші күні ескерту жасап жатырмыз. Рұқсат болмаған жағдайда құқық бұзушылар полиция басқармасына жеткізіледі және әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 65 жастан асқан адамдарға үйден шықпауға ұсынылады. Кәмелет жасқа толмаған балалар көшеде жүрсе оның ата-анасы болмаса қараушысы әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Көшеде бейсауыт жүргендер «Сергек» камераларына түсіп, жаппай айыппұл арқалап жатыр деген ақпарат тараған еді. Алматының бас полицейі мұны жоққа шығарды. Дегенмен қос қалада ескертуді елемейтіндерді құзырлы орган «аямаймыз» деп отыр. Сондықтан жұртқа үйінде отыруға кеңес береді. Таксишілерге де бір жолаушыдан артық тасымалдауға тыйым салынды. Шаһарды себепсіз шарлауға да болмайды. Көшеде топтасып жүргендерге де бақылау күшейген. Құзырлы орган сын сағатында тұрғындарды карантинге ат үсті қарамуға шақырады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!