{metadescription}
Карантинге жабылатын аймақтардан репортаж
Карантинге жабылатын аймақтардан репортаж

Карантинге жабылатын аймақтардан репортаж

Еліміздің бірқатар өңірі карантинге жабылды. Коронавирусқа байланысты енді Қарағанды мен сол аймақтағы Абай, Теміртау, Шахинск, Саран қалаларына сырттан ешкім кіріп-шыға алмайды. Атырауда да дәл осындай жағдай. Ал Ақтауда қалааралық қатынасқа шектеу қойылды. Ақмола, Жамбыл мен Ақтөбе облыстары да карантинге жабылуға дайындалып жатыр.

Қарағанды облысының бес қаласында карантин жариаланды. Өйткені өңірде тағы 3 адамның қатерлі кеселді жұқтырғаны анықталып, ауырғандардың саны 7-ге жетті. Облыс билігі Қарағанымен қоса, Теміртау, Шахтинск, Саран және Абай қалаларында да карантин енгізді. Өйткені Қарағандыға осы қалалалардың тұрғындары жиі қатынайды.

Қарағанды облысының бас санитар дәрігерінің қаулысымен наурыздың 30-на қараған түні карантин режимі енгізілді. Қалалардағы санитарлық бекет жұмыстары қыза түскен. Карантин енгізілген бес қалаға кірем деушілерге  әзірге жол ашық. Ал сәуірдің 2-сіне осы қалаларға сырттан кіретін жолдар толық жабылады. Тек осы 5 қала арасында ғана ішінара қозғалыс болады. Қаулыға сәйкес жабылған қала тұрғындары дүкен мен дәріханалардан басқа жерге себепсіз үйден шығуына болмайды. Базар, сауда орындары мен мейрамханалар жұмысын тоқтатуы тиіс. Аулалар мен саябақтарға шығуға да тыйым салынды. Карантин ережесін бұзғандар жазаланады. Қала көшелеріне полицейлермен қатар ұлттық Ұлан сарбаздары кезекшілікке шығады. Жақын күндері Қарағандыға тіпті сырттан автобус пен пойыз кіріп, ұшақ қонбауы да мүмкін.

Қанат Асқаров, ҚР ДСМ Қызмет көрсету қауіпсіздігі мен сапасын бақылау комитеті Қарағанды облыстық департаментінің жетекшісі:

Қарағандыда әуежай, теміржол және автовокзалдарды жабуды мемлкеттік комиссия қарауына ұсындық. Өйткені өңірде коронавириус инфекциясының таралуын тоқтату үшін бұл шараларды қолға алуымыз керек. Карантин мерзімі ерекше тапсырма берілгенге дейін созыла береді.    

Атырау облысында кеше түнгі он екіден бастап бастап қалаға кіріп-шығумен жалпы қозғалысқа шектеулер енгізілді. Әуежай, теміржол және автобекеттегі халықаралық бағыттар тоқтатылды. Қалаға өзге аймақтардан кіретін жолдарға 4 бекет қойылған. Көпшіліктің ресми тіркелген-мекен жайына дейін жетіп алуы үшін 48 сағат қана уақыт берілді. 2-ші сәуір күні түнгі сағат 12-де қалаға кіретін жолдар толығымен жабылады.

Шағын азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ғана ашық. Сонымен қатар барлық ірі сауда орталықтарының жұмысы санитарлық дәрігерлердің қатаң бақылауында, онда да тек азық-түлік сөрелері ғана қызмет көрсетпек. Ал қоғамдық көліктер таңғы сағат алтыдан кешкі сағат жетіге дейін жүреді. Одан әрі қозғалыс мүлде тоқтатылады. Жеке таксилерге де қойылар талап осы. Барлық деңгейдегі құқық қорғау қызметі мен әскерилер жұмысы күшейтілген жүйеге көшірілді. Жасөспірімдердің көшеге ата-анасыз шығуына рұқсат жоқ. Ал, ересектердің көпшілік жерлерде үш адамнан артық шоғырлануына болмайды. Атап айту қажет, карантин тәртібін бұзғандар бірден 15 тәулікке қамауға алынады. Төтенше жағдай қазірдің өзінде тұрғындарға қиындық туғыза бастағандай.

Қайырбек Өтепбергенов, Атырау қаласының тұрғыны:

- Бұрын-соңды біздің жерімізде, өңірімізде болмаған шектеулер болып жатыр. Үйреншікті, қалыпты жағдайға қиындығын туғызып жатыр. Адамдардың қарым-қатынасы, аудандардың қалаға келіп кетуі, жол-көлік жүрістерінің бәрі шектелуі қолайсыздық туғызатыны рас. Бірақта енді талап бар, мемлекеттің қойып отырған тәртібі бар.

Қазір Ақтаудағы Каспий теңізінің жағасында бұрынғыдай серуендеп жүрген халық жоқ. Тәртіп сақшылары мұндағы демалыс орындарына қызыл лента байлап, қоршап қойыпты. Өйткені тұрғындардың саябақ пен гүлзарларды аралауына, балалардың ойын алаңдарына шығуына тыйым салынған. Автовокзал да жұмыс істемейді. Енді автобустар облыс орталығынан ауыл-ауданға қатынамайды. Тек жеңіл көліктердің жүруіне рұқсат. Бейнеуге қатынайтын жалғыз пойыз да бүгінен бастап тоқтады.

Қуантхан Сырым, Ақтау қалалық жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары:

- Жолаушы тасымалдайтын Ақтау-Бейнеу бағытында пойыз тоқтатылды. Сонымен қатар қала, аудан аралық автобустар тоқтатылды. Екі мобильді блок-бекет қойылды: Бейнеу ауданы бойынша және Жаңаөзен қаласы бойынша.

31 наурыз кешкі сағат 19-00 ден бастап Ақмола облысында да уақытша карантиндік шектеу шаралары енгізіледі. Облысқа кіреберіс жолдарға 8 блок бекет, ал облыс орталығы Көкшетаудан шығатын жолдарға 12 бекет қойылады. Бірақ бұл шектеудің қанша уақытқа созылатынын әзірге ешкім айта алмайды. Бұл сақтық шарасы әлемді алаңдатқан қатерлі дерт короновирустың беті қайтпайынша жалғаса бермек.

Осы уақытта азық-түлік, дәрі-дәрмек және медициналық жабдықтар артқан жүк көліктерінен басқасы не ішке кіре алмайды, не сыртқа шығуына рұқсат жоқ. Карантиндік шектеу кезінде азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ғана жұмыс істейді. Саябақтар, сұлулық салондары, шипажай кешендері, автокөлік, құрылыс материал базарлары, монша кешендері, сондай-ақ адам нөпірі көп жиналатын басқа да нысандар қызметін тоқтатады. Қоғамдық тамақтану орындары да уақытша жабылып, тәулік бойы тапсырыс берушімен қарым-қатынассыз тағам жеткізіп беру қызметі қолжетімді болмақ. Облыс тұрғындары аса қажеттілік туған жағдайда ғана бетперде, бір реттік қолғап киіп барып қана далаға шыға алады.

Ермек Маржықпаев, Ақмола облысының әкімі:

- Облыста карантин режимін енгізу үшін тиісті қызметтердің әзірлігі пысықталған. Аумақтық әскерлердің бөлімшелерін арнайы орналастыру мүмкіндігі де қарастырылды. 1500 адам шектеу шараларын қадағалауға әзір. Сондай-ақ, арнайы жедел шараларды жүзеге асыруға полиция департаменті қызметкерлері мен 55/10 әскери бөлімшесіның сарбаздары сақадай сай отыр.

Шамамен бес сағаттан кейін Жамбыл облысына да кіріп-шығу қиындайды. Облыс аумағы мен Тараз қаласына қатынау арнайы тәртіппен белгілегенді. Бас қақпадан транзиттік және азық-түлік пен дәрі дәрмек тасымалдаушы көліктер ғана өтеді. Қалғанына шектеу бар. Ірі сауда орталықтары, демалыс орындары мен шағын кәсіпкерлік нысандардың бәрі уақытша жұмысын тоқтатуы тиіс.

Ал көтерме сауда базары, супермаркет, азық-түлік сауда орны, шағын дүкендер мен дәріхананар қалыпты режимде жұмыс істейді. Және кафе, дәмхана сынды қоғамдық тамақтану нысандары да жабылады. Бірақ бұл нысандардан үйге тапсырыс беру тоқтатылмайды. Тұрғындарға аса қажет болмаған жағдайда үйден шығуға жол жоқ. Отбасы мүшелерін қоспағанда, үш адамнан артық топтасуға болмайды. Ал жасы 65-тен асқандар үйде отырғаны абзал. Қордайлықтарға ерекше шектеулер бар. Себебі, бұл ауданның екі бірдей тұрғыны қауіпті вирус жұқтырған.

Ғазиз Надуев, Жамбыл облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаменті басшысының орынбасары:

Санитарлық дезинфекциялық режимді міндетті сақтай отырып, бөлшек сауда, азық-түлік базарларының жұмыс уақыты сағат 10-нан 17-00 дейін белгіленді. Шектеу күніне екі рет дезинфекциялық шараларды өткізу, антисептик орнату керек.

Қауіпті індеттің ел арасында тарамауы үшін Ақтөбе облысы да карантинге жабылуға дайындалуда. Вирус бұрынғыдай шетелден келгендерден емес, көрші өңірден келген жолаушыдан табылып жатыр. Кеше Ақтаудан Ақтөбеге ұшқан ұшақтағы бір әйелдің сынамасынан коронавирус жұқтырғанын анықтады.

Енді бес-алты сағаттан соң Ақтөбе қаласына да, облыс аумағына да ешкім сырттан кіріп-шыға алмайды. Қазір блок-бекеттер орналасатын жерге тас плиталар жеткізіліп жатыр. Тәртіп сақшылары аймаққа тек азық-түлік пен дәрі-дәрмек тиеген жүк көліктерін ғана кіргіземіз дейді.

Қанат Әлиев, Ақтөбе облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары:

- Автокөлік құралдары барлық түрлері мен азаматтардың кіруі мен шығуына тыйым салынады. Полиция қызметкерлері Ақтөбе қаласы мен облысында, елді мекендерде патрульдік жүргізу күшейтіледі. Емделуге бара жатқандардан бөлек, ресми емес жеке тасымалдаушылар мен жолаушылар тасымалын жасауға тыйым салынады  

Дәмхана, мейрамханалардан бастап, шаштараз, өзге де салондар қызметін тоқтатады. Мамандар үш адамнан артық көшеде топталып жүруге де рұқсат жоқ деп отыр. Кешкі сегізден соң азық-түлік дүкендері де жабылады.

Қазір еліміздің біраз өңірі карантинге жабылды. Шектеу шараларын қабылдамаған санаулы ғана облыс қалып отыр. Олар да жақында аймақтарындағы бас санитар дәрігердің шешімін жариялайтын секілді. Өйткені ел бойнша коронавирус індеті тіркелмеген аймақ бірен-саран.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.