Шымкент билігі карантинге дайын болмай, жұртты ұлардай шулатты
Шымкент карантинге дайын болмай шықты. Қала кеше кешкі 21.00-де толық жабылуы тиіс болған. Алайда межеленген уақытта шаһар билігі блок-бекеттерді ауыстырып әуреге түсті. Соның салдарынан кептеліс болып, жұрт не қалаға кіре алмай, не артқа қайта алмай, жолда тұрып қалған. Санаулы минуттарға ғана кешіккенін алға тартқан кейбір тұрғын айғай шығарды. Тек күзеттегілер селт еткен жоқ. Шымкенттегі олақтау өткен оқшаулау жайын тілшіміз әңгімелейді.
Автор: Бек Әбиев
01.04.2020
Шымкентке кіріп шығатын жолдарға 12 блок-бекет бір аптадан бері қойылған болатын. Күнде кешкісін 9-да жауып, таңғы 7-де ашып жолаушыларды өткізіп жүрген-ді. Бірақ қаланы карантинге жауып толық оқшаулайтын болған кезде бекеттердің бірінің орнын жылжытамыз деп құзырлы орындар әуреге түсті. Сағат 21:00 болмай жолдарды жапқанымен, жолда қалғандардың артқа бұрылуына жағдай жасалынбапты. Кешкі 9 түгілі, бір жарым сағат өткен соң да бұрылысты жасау жұмыстары жүріп жатты.
- Мына жерге блок-бекет істеп жатырмыз, қазір кіргіземіз деді. Сол күйі кіргізбей тұр. Мен қалада тіркелгенмін.
Ал шығар тұста да, кірер жолда да дем ішінде көліктер жиналып қалды. Мазасы кеткендер машинада отыра алмай сыртқа тентіреп кетті.
Шымкент-Ташкент бағытындағы халықаралық тас жол. Блок бекетті бекіткені сол еді ұзын-сонар көлік кептелісі орнады. Көліктің жүргізушілерімен жолаушыларының көпшілігі қазір көлігінде жоқ. Полицейлермен сөйлесуге, қалаға кіргізуді өтінуге полицейлерге кеткен. Ал көліктер үсті-үстіне келіп жатыр.
Елдің айтуынша, полицейлер бекетті мерзімінен ертерек жауып тастаған. Ал темір бекеттің алдына жиналған жолаушылар ұлардай шулап қала беріпті. Қалаға кіре алмай жатқандар да, шыға алмай тұрғандар да карантинді тым ерте жасады деп санайды.
Нұржан Аяпов, Жетісай қаласының тұрғыны:
- Шыға алмай тұрмыз. Не деген масқара! Бала-шағаммен жүрмін, Жетісайда тұрамын. Қазір қалаға кімнің үйіне барып жатамын? Кім мені үйіне паналатады? Шаш ал десе, бас алады. Мен қазір төрт адаммен шыға алмай тұрмын.
Шымкент қаласының тұрғыны:
- Артқа барғанда қайда барамыз? Ертең кіргізетін шығар қалаға.
- Карантин біткенше кіргізбейді деді. Тұратын жеріңіз бар ма далада?
- Жоқ. Көлігімнің ішінде ұйықтаймын.
Бұл кезде жұмысшылар жолды бөліп тұрған темір қоршауларды қиратып, жұрттың тым болмаса артқа бұрылар жолын жасаумен әлек болып жатты. Полицейлер де дегбірі қашқан жолаушыларды сабырға шақырумен әлек. Ал оқшаулаудың олақтығын билік техниканың кешігіп жеткенімен түсіндіреді.
Нұрлан Тілеш, Абай ауданы әкімінің орынбасары:
- Техника сәл кешікті. Анау жақтан бетондарды әкелу керек. Қазір бояп жатыр, қазір бітеді. Бірақ тәртіп бойынша сағат 9-да жолды жаптық. 9-ға екі минут қалғанда. Мен басында болдым. Сағат 6-дан бері осы жердеміз, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Ұйымдастыруы ақсаса да, бекітуді мерзімінен бұрын іске асырғанына мақтанған шенеуніктер мазасы кеткен елге қажет болса, ас-су да береміз деп уәдені үйіп-төкті. Бірақ діттеген жеріне жете алмаған жұрт ас-суға алданар түр танытпады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!