Қарағандыда коронавирустан өлген науқаспен қарым-қатынаста болғандар – репортаж
Қарағандыда коронавирустан тағы бір тұрғын жан тапсырды. 62 жастағы азамат ауруханаға наурыздың 30-ы күні жеткізілген. Нотариус болып жұмыс істеген ол сырқаттанған соң үйінде бес күн жатыпты. Ауруы асқынғанда дәрігерлерге көрінген. Жансақтау бөлімінде ем-домның барлығы жасалғанымен, Теміртау тұрғынының бүгін таңертең жүрегі тоқтады. Дәрігерлер марқұм кеселді ел ішінде жұқтырғанын айтады. Енді онымен қарым қатынаста болған адамдар іздестіріліп жатыр.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
01.04.2020
62 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны Теміртаудағы көпқабатты үйде орналасқан кеңседе жұмыс істеген. Қазір нотариустың есігі тарс жабық. Кеңсенің ішіне дереу залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Туыстарының айтуынша, марқұм жұмыс орнында соңғы рет 20-шы наурыз күні болыпты. Мерекелік демалыстардан кейін қызуы көтеріліп жұмысқа шықпай қалған. Әуелде жәй тұмау болар деп, үйде емделген. Тек бір аптадан кейін дәрігерге көрініпті.
Бибігүл Төлегенова, Қарағанды облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
- Науқа бізге жеткізіле сала бірден оқшауландырылды. Жан сақтау боксына орналастырылды. Медицина қызметкерлерінің қарқынды еміне қарамастан, бүгін таңертең сағат 7:10 да жүрегі тоқтады. Науқас келіп түскеннен кейін бірден короновирусты анықтауға сараптама алынды. Ол ер адамның өлімінен кейін расталды.
Қазір науқаспен бір үйде тұрған әйелі, ұлы, қызы мен күйеу баласы және 6 жастағы немересі карантинге алынған. Сонымен қатар үй шаруасымен айналысатын жалдамалы жұмыскер де ауруханаға жатқызылыпты.
Марқұм жұмыс істеген кеңсе Теміртаудағы орталық көшеде орналасқан. Бұл жерден арлы-берлі өтетін жұрттың қарасы қалың. Тиісінше, нотариусқа құжаттарын рәсімдеуге кіріп шыққандардың көп екені айтпаса да түсінікті.
Нотариусқа жұмыс бабымен жиі келетін Теміртау қаласының тұрғыны өзін жақында науқастың ұлы қабылдағанын айтады. Мына жағдайды естігенде есі кеткен. Жедел желіге хабарласып кеңес сұрағанымен, ондағылар мардымды жауап бермеді дейді. Сондықтан көзімді жеткізуге арнайы келдім деп отыр.
- Соңғы рет мұнда 27-ші наурыз күні болдым. Осы кеңседе бетпердесіз бір жарым сағаттай жүрдім. Одан кейін жұмыс бабымен қанша жерді араладым. Қазір қатты үрейленіп тұрмын. Туған-туыстарым, бір жасқа толмаған балам бар. Жедел желіге қоңырау шалсам, бізде ондай ақпарат жоқ деп жәйбарақат отыр. Қазір өзім сұранып барып тексерістен өтемін.
Дегенмен мамандар науқаспен аралас-құралас болғандарды анықтап, іздестіру жұмысына кірістік деп отыр.
Ержан Нұрлыбаев, Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Онымен қарым-қатынасқа түскен 56 адам анықталды. Бұл сан әлі де көбеюі мүмкін. Өйткені науқас ауру жұқтырғанан кейін көп уақыт өткізіп алып отыр.
Дәрігерлер бір адамның бейжайлығының кесірінен кеселдің қанша жерге тарағанын елестетуге де қорқады. Осы жағдайға байланысты аурудың 4 ошағы анықталып, карантинге жабылған. Ақ халаттылар әзірге Қарағандыда кесел жұқтырған 13 адамның 2-інің жазылып келе жатқанын көңілге медеу етіп отыр.
Ал осы қайғылы жағдайға байланысты Теміртау қаласы жекелей карантинге жабылатын болды. Енді Теміртауға ондағы тіршілікпен қамтамасыз ететін кәсіпорындарға тек сырттан келетін жұмыскерлер ғана арнайы рұқсаттамамен кіргізіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!