{metadescription}
Семей жұрты карантинде рұқсат қағаз ала алмай сеңделіп жүр
Семей жұрты карантинде рұқсат қағаз ала алмай сеңделіп жүр

Семей жұрты карантинде рұқсат қағаз ала алмай сеңделіп жүр

Коронавирусқа байланысты карантинге жабылған Семейде көшеде жұрып-тұруға берілетін рұқсат қағазды ала алмай сеңделіп жүрген жұрттың қарасы қалың. Тұрғындардың бірі оны тарататын автобусты таңсәріден күтсе, қалғаны пәтер иелері кооперативінің алдында сағаттап кезекке тұруға мәжбүр. Шыдамы таусылған қараша істі шала атқарған әкімдікке наразы.

Бір жапырақ қағазға қол жеткізу үшін жиналған жұрттан ине шаншар орын жоқ. Тіпті кейбірі таңсәріден кезегін күтіп сарғайған. Олар  жұқпалы індет тарап жатқанда, бір жерге үйіп қойған әкімдіктің ұйымдастыру жұмысына наразы.

Нұрбике Омарова, Семей қаласының тұрғыны:

- Сағат онда келіп, әлі тұрмын. Екі күн болды сенделіп жүргеніме. Осыны кесте құрып ұйымдастыруға болады ғой. Көп адам жиналуға болмайтынын біледі. Міне, тұрмыз, 30-40 адам бір жерде. Бұл вирус тарап жатқанда өте қауіпті.

Қазір жер үйлердегі тұрғындарға рұқсат қағаз арнайы автобус арқылы таратылуда. Онда да жиналған қарашаның да қарасы қалың. Ал шаһар сыртында жеке шаруашылығы бар кәсіпкерлер не істерін білмей дал. Олар да жергілікті әкімдіктің алдында сеңделіп жүр.

Тәңірберген Бергенов, Семей қаласының тұрғыны:

Қалада тұрамын. Шаһардан 100 шақырым жерде жеке қожалығым бар. Енді ол жаққа қалай барып қайтамыз? Ешкім ешнәрсені түсіндірмейді. Қазір өздері не істерін білмей отыр. Ал маған күнде барып қайту керек.

«Жұрт сағаттап кезекте тұрса да, рұқсат қағазын алуға міндетті», - дейді шенеуніктер. Өйткені 6-шы сәуірден бастап көшеде жаяу тұрмақ, автокөлігі барлар да себепсіз жүруге болмайды. Оның үстіне, әр отбасына бір қағаз беріледі екен. Ал ол тұрғындардың азық-түлік дүкендері мен банкке және медицина мекемелеріне баруына ғана жарамды.

Николай Ушаков, Семей қаласы әкімінің орынбасары:

- Тұрғындарға 120 мың рұқсат қағазы таратылды. Жұмыстар талапқа сай жүргізіліп жатыр. Дүрлігуге еш негіз жоқ. Ал қала сыртында қожалығы бар тұрғындар кәсіпкерлік бөлімінен рұқсат қағазын алуы шарт. Көлігін де тіркеу керек.

Бүгінен бастап Семейден қатынайтын күре жолдар толық жабылды. Қазіргі уақытта қалаға өзге аймақтан кіретін 7 жолға бекет қойылған. Енді карантиндік шектеу кезінде қоғамдық көліктердің де саны қысқартылады. Сондай-ақ, шенеуніктер тұрғындарға себепсіз көшеде жүрмеу керектігін ескертуде. Егер ұсталған жағдайда әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл салынатынын жеткізді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.