Коронавирус Қостанай облысында да тіркелді
Қостанай облысында қауіпті дертке шалдыққан алғашқы науқас анықталды. Ал Өскеменде коронавирус жұқтырған зейнеткермен қарым-қатынаста болған 198 адам карантинге жабылды. 82 жастағы қария вирусқа шалдыққанын білмей жүре берген. Тек ауруы асқынғанда ғана дәрігерге көрініпті. Сауық-сайран құрып жүргендердің арасында да індетке шалдыққандар бар. Салдарынан елімізде науқастардың саны көбейе түсті. Соңғы мәлімет бойынша, бұл көрсеткіш 460-қа жеткен.
Автор: Аруна Ортай
03.04.2020
Коронавирус жұқтырғандардың статистикасы әр екі сағат сайын өзгеріп жатыр. Күндіз он болмай жатып, 9 адам қосылды. Олар Солтүстік Қазақстан мен Түркістан, Ақтөбе, Атырау облыстарының тұрғындары. Сағат 12-де тағы төрт адамнан ауру белгісі табылып, науқастардың саны 448-ге жетті. Арада екі сағат өткенде тағы 5 адамнан анықталды. Кешкі алтыда тағы 7 адамнан табылды. Бұл тізімге Қостанай облысы да енді.
Ал ең өрескел жағдай Өскеменде тіркелді. Мұнда вирус 82 жастағы қариядан табылды. Зейнеткер қаңтарда Ресейден келген. Денсаулығы сол кезде сыр берген екен. Бірақ, қарт қаралмай, жата берген. Тек ауруы асқынғанда ғана бір-ақ ауруханаға келіпті. Енді қариямен қатынаста болған 198 адам жаппай тексеріліп жатыр.
Ілияс Мұхамеджан, Шығыс Қазақстан облыстық ДСБ басшысы:
- Азаматшамен бірге бір палатада жатқан 4 адамның үшеуінен анализ алынып, олардың нәтижесі теріс, оларда дерт жоқ. Төртінші азаматшаның анализі қазір жұмыста.
Зейнеткер қаралған аурухана да карантинге жабылып тынды. Енді ондағы дәрігерлер де, сырқаттар да екі аптадай ғимараттан аттап басып шыға алмайды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, зейнеткер қызымен бірге тұрған. Ал ол пәтер иелері кооперативінің төрайымы екен. Қазір онымен амандасып хал-жағдай сұрасқан басқа тұрғындар да жаппай анализ тапсырып жатыр. Сауық-сайран құрып жүріп вирус жұқтырғандар да бар.
Бұған дейін оралдық бір келіншектен індет табылған. Енді онымен бірге отырыста болған атыраулық азаматтан ауру белгісі анықталды. Әйел жолай тағы бірнеше адаммен сөйлескен екен. Сондықтан Атырауда отырысқа барғандармен қоса есептегенде, барлығы 37 адам тексерілуде.
Ал Ақтөбеде күйеуі әйеліне жұқтырған. Мәліметтерге қарағанда, отағасы Нұр-Сұлтанда іс-сапармен болыпты. Содан оралған бойда дене қызуы көтерілген. Қазір ерлі-зайыптылардың бала-шағасы мен жақын туыстары, көрші-қолаңына дейін ауруханаға жатқызылды.
Әсет Қалиев, Ақтөбе облыстық ДСБ басшысы:
- Бүкіл жақындары, отбасы мүшелері, әріптестері және барған емдеу мекемесінің медицина қызметкерлері – барлығы 56 адам кеше карантидік госпитальге жатқызылды. Үйдің подъезі толығымен жабылды. Ол жердегі тұрғындар қазір шыға алмайды. Қажетті күнделікті тамақтары жеткізіліп беріледі.
Осы жағдайға байланысты қаладағы медициналық мекемелер жаппай карантинге жабылды. Жедел-жәрдем ғана жұмыс істеп тұр. Бірақ, олар тек тұрғындарды үйінде емдейді. Ал Солтүстік Қазақстан облысында бүгін бірден жеті жағдай тіркелді. Екеуі жеті және бес жастағы балалар. Түркістан облысында бес адам. Көбі ауыл тұрғындары. Бәрі де бұған дейін ауырғандармен байланыста болған. Ал Алматыда тағы екі адам жазылып шықты. Індет жұқтырғандардың саны бойынша Нұр-Сұлтан тізімнің басында тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!