42 500-ді алудың жаңа жолдары. Кімге ақша берілмейді?
Айына жарты миллион тапса да, 42 500 теңгеден дәметкендер жетіп жатыр. Тіпті онлайн өтінішті бірнеше мәрте бергендер де бар. Еңбек министрлігі оларға ешқандай ақша берілмейтінін ашық айтып отыр. Ал еш жерде тіркелмей, табыс тауып келген азаматтар жәрдемақыға қол жеткізу үшін бір реттік 2600 теңге төлеуі керек. Сондай-ақ, баласы бір жастан асқан үйде отырған келіншектер де 42 500 теңгеге өтінім білдіре алады. Карантинге қарамай, қарашаны дүрліктіріп қойған 42 500-ді алудың жаңа жолдары.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
06.04.2020
42 мың 500 теңгені алуға Қазпоштаның алдында жиналған халық. Түркістан қаласы. Ұзын-сонар кезектегілердің барлығы кесел кесірінен күнделікті табысынан айырылғандар. Түркістан ғана емес, аймақтардың барлығында қазір жағдай осындай. Жұрт 42 500 теңгеге өтінімді онлайн бере алмаған.
Сарыалтын Саймағанбетова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- 42 мың 500-дің әлегі.Мен ойымша облыс әкімшілігі Оразалин жұмыс жасау керек еді. Ұзын-сонар кезек. Әкімдік жаққа бара жатырмын. Ол тағы кіргізбейді, әлекке салады. Халықты улатып-шулатып қойды.
Шымкент пен Қарағандыда есепшот аштыру үшін банктерге лап қойған тұрғындардың қарасы қалың. Коронавирус қаупін қаперіне ілген ешкім жоқ. Кезектегі ара қашықтық мүлдем сақталмайды. Тәртіп сақшылары келгенімен, нөпір жұрт сейілер емес.
Бану Ақылбекова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Қараңыз, қаптаған адам. Ешкім ерігіп жүрген жоқ. Сол 42 500 теңгесін ала алмай жүрміз. Бір-біріне сілтейді. Жұмадан бергі тірлік осы. Карантин дегені осы ма? Бір қағазды қабылдай алмай отыр.
Еңбек министрлігі жағдайды реттеуге барын салып жатқанын айтып ақталады. Бүгін жәрдемақыға байланысты өтініштерді қабылдайтын телеграм бот іске қосылыпты. Бұдан бөлек, екі портал – egov.kz пен enbek.kz жұмыс істеп тұр. Карантинге байланысты жұмысы уақытша тоқтағандардан басқа, бейресми жұмыс істегендер жәрдемақы алу үшін бір мәрте бірыңғай жиынтық төлем жасаулары тиіс. Сондай-ақ, бала күтімімен үйде отырған аналар да назардан тыс қалмапты.
Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Декретте жүрген кісілер. Балалардың күтіміне баласы бір жасқа толғанша мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. Бір жыл асқаннан кейін ол кісілер, әрине, жұмысқа барар еді. Бірақ, қазір ешкім жұмысқа қайтіп алмайды. Сондықтан декретте отырған аналар бірыңғай жиынтық төлемді төлеп, осы 42 500 теңгеге үміттенуге болады.
Кәсіппен айналысқан мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнетке шыққанына қарамастан, жұмыс істеп, төтенше жағдай кезінде қосымша кірісінен айырылғандар да жәрдемақыға өтініш білдіре алады. Бүгінде 42 500 теңге әлеуметтік көмегін алуға 1 миллион 284 мың адам өтініш білдірген. Бірақ бұл өтініш 938 мың тұрғыннан түскен, яғни бір адам бірнеше ретттен өтінім білдіргені анықталды. Сондай-ақ, 2 мыңға жуық азаматтың айлық табысы жарты миллионнан асып түскен. «Олар әлеуметтік төлемнен үміттенбесін», - дейді Еңбек министрі.
Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Осы 42 500-ді шынайы жұмыс істеп, тіршілік жасап жүріп, бейресми болсын, ресми болсын, табысынан айырылған кісілер алса екен дейміз.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі банктерге де арнайы үндеу жасады. Карантин кезінде жұртты есік алдына топырлатып жинамай, есеп-шоттарды онлайн ашып, төлем карталарын тұрғындардың үйлеріне жеткізіп беруді ұсынды.Ал жәрдемақыға өтініш білдіргендердің есеп-шоты болмаса, ондай азаматтарға бір айға дейін уақыт беріледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!