Аймақтарда тәртіп бұзып айыппұл төлеп, қамалғандар
Карантин тәртібін бұзудан кәсіпкерлер ғана емес, қарапайым тұрғындар да қалыспай отыр. Қалалар мен облыстар жаппай оқшауланып, жұртқа «үйден шықпа» деп ескертіліп жатса да, ақша жасап жатқан пысықайлар көп. Аймақтарда тәртіп бұзып айыппұл төлеп, тіпті қамалып жатқандар да бар.
Автор: Бек Әбиев
06.04.2020
Ескертуді елемегендердің бірі – Ұлттық банктің Ақмола облыстық филиалының директоры. Карантиндік шектеулерді пысқырмаған Виталий Чеусов өзі басқаратын ұжымдағы қызметкерлерді жинап, банк ғимаратында теннис ойнап жатқан жерінде полицейлер мен санитар дәрігерлер үстінен түскен. Төтенше жағдай режимін бұзған банкирге әкімшілік іс қозғалды. Енді теннисші банкир не 26 мың теңге айыппұл төлеп, болмаса 15 тәулікке қамауға алынуы мүмкін.
Карантиннің қатал ережесіне қарамайтындар Қарағандыда да жетерлік. Бүгінге дейін облыста карантин режимін бұзуға байланысты 229 іс қозғалып, оның 195 бойынша сот шешімі шыққан. Соған сәйкес, 97 адамға айыппұл салынды. 96 адам 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алыныпты.
Жаңатай Сембеков, Қарағанды облыстық ПД баспасөз хатшысы:
- Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған жалған хабарламаларға сәйкес, ішкі істер органдарымен 10 факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Барлық облыс тұрғындарын барлық хұқықтық тәртіпті сақтап, белгіленген шектеу талаптарын сақтауға шақырамыз.
Карантині күшейтілген Шымкентте екі күннің ішінде ереже бұзғандар 240-тан асып түсті. Әкімшілік хаттама толтырған 30 адам бес түрлі мерзімге абақтыға тоғытылса, көбі айыппұл төлеуге міндеттеліп жатыр. Тіпті карантинге жабылған көпқабатты үйлерден қашып шықпақ болғандар да бар. Толық оқшауланған қалаға жалған құжатпен кіріп-шыққысы келетіндер де жетерлік екен. Көшеде алшаң басып жүруден қалғандар алаяқтыққа да барып жатыр дейді полицейлер.
Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қалалық ПД бастығы:
- Анықтамаға біз ЖСН-дерін, көліктің нөмірін, одан кейін басшыларының нөмірін жазуды сұрап жатырмыз. Өйткені өтірік анықтама алып жатқандар анықталуда. Сондықтан біз басшыларға хабарласып, «бұл сіздің қызметкеріңіз бе?», «анықтама бергеніңіз рас па?» деп тексеріп жатырмыз.
Аса қажет болмаса, үйден шықпа деп қанша қақсағанымен, жұрт үйде отырудан жалыққан сияқты. Әйтпесе сауық-сайран орындары түгілі, жәй серуендейтін саябақтар мен ауладағы балалар алаңшаларына да шығуға болмайды. Төтенше жағдай кезіндегі жарияланған жаппай карантиннің бітуіне енді тура екі апта қалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!