{metadescription}
Аймақтардағы ахуал: Карантин тәртібі күшейтілді
Аймақтардағы ахуал: Карантин тәртібі күшейтілді

Аймақтардағы ахуал: Карантин тәртібі күшейтілді

Індетке қатысты ахуалдың ушығуына байланысты еліміздің бірқатар аймақтарында карантин күшейтіліп жатыр. Бұған дейін тек аймаққа кіретін қақпаны бекітіп, көліктің кіріп-шығуына тыйым салса, енді қоғамдық көліктер тоқтатылып, адамдардың үйден шығуын да шектеп жатыр. Еліміздің батыс өңірінде карантиннің жаңа тәртібі бүгін енгізілетін болса, Тараз, Қарағанды мен Семей қалалары түннен бастап карантинге толық жабылады. Аймақтағы жағдайды тілшілеріміз айтып берсін.

Бүгін таңсәріден бастап Шығыс Қазақстан облысының қос шаһары – Өскемен мен Семейде де карантин күшейтілді.  Қалада көлік тұрмақ, жаяу адамның да себепсіз жүруіне болмайды. Ол үшін тұрғындардың қолында рұқсат қағазы болуы тиіс. Ал ол бір жапырақ қағаз жұрттың азық-түлік дүкендері мен банкке және медицина мекемелеріне баруына ғана жарамды.

 

Тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ашық. Қалған қызметтер түгел тоқтаған.  Бүгіннен бастап шаһар ішіндегі қоғамдық көліктердің саны да 36 пайызға азаяды. Автобустар ертеңнен бастап жаңа бағыттағы кестеге көшеді. Олар таңғы 7 ден кешкі 20-00 ге дейін ғана адам тасымалымен айналысады. Өйткені тұрғындардың кешкі сағат тоғыздан кейін үйден шығуына тыйым салынған.

 

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

 

- Мен сіздерден карантиндік шектеулерді қатаң сақтауды сұраймын. Бұл вирустың таралып кетпеуі үшін қажет. Сондықтан бәріміз бірігіп оның алдын алуымыз керек. Семей мен Өскеменнің тұрғындары бізді түсінді деген ойдамын.

Ақтауда таңнан бері көше жым-жырт. Карантин күшейтіліп, мұнда да қоғамдық көлік қатынасына тыйым салынды. Жұмысқа баратындар тек таңғы алтыдан тоғызға дейін жеке көлігімен қызметіне жетуіне, ал кешкі алтыдан тоғызға дейін сол көлігімен үйіне қайтуына рұқсат берілген. Ал медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне бөлек жағдай жасалыпты.

 

Ержан Күмісқалиев, Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы:

 

Барлық медицина қызметкерлері Ақтау қаласына іргелес ауылдарында орналасқан Сайын болсын, Ақшұңқыр болсын, Мұнайлы ауданында орналасқан медбике, техничка, санитарка, дәрігерлер – барлығы бөлек көлікпен, әкімшіліктің ұйымдастыруымен тасымалданатын болады. Дәрігерлер, медииналық ұйым қызметкерлері бөлек жүреді.

Төрт жарым сағаттан соң Тараз да күшейтілген карантин тәртібіне көшеді.  Жеті жерден болок-бекет қойылып, іштен тас-түйін бекінеді. Бұл қауіпсіздік шарасы. Тек азық-түлік пен дәрі-дәрмек және құрылыс заттарын тасымалдаушыларға, сондай-ақ диқандарға қатынауға рұқсат етіледі.

 

Әзірге тұрғындардың қалаға кіріп-шығуына толық мүмкіндік беріліп жатыр. Бірақ әр өткен көлік жүргізушісі мен жолаушы туралы дерек жазылып алынады. Бекеттерге бақылау камерасы қойылған. Мұндағы қозғалыс арнайы штабтан бақыланады. Жеке көліктер мен жаяу жүргіншілерге көшеде себепсіз жүруге тыйым салынады. Күшейтілген карантин елді аса дүрліктіре қоймаса да, көбі азық-түлік алуға дүкендерге ағылып жатыр.

 

Құрманкүл Наурызбаева, Тараз қаласының тұрғыны:

 

- Ертең не болады, арғы күні не болады, оны білмейміз. Сол үшін қор жинауымыз керек. Қазір 4700 теңгеге  сауда жасадым. Бар ақшама. Зейнетақым түскен соң, одан көбірек аламын деп ойлаймын.

Каранатинге жабылған Шымкенттің бүкіл саудагерлері бүгіннен бастап электронды төлемге дайын болуы керек. Дүкен мен базардың өзінде ірі зат түгілі, нан алушы да кез келген банктің картасымен сауда жасауы тиіс. «Вирус ақша арқылы да жұғады» деген Шымкент билігі осындай жаңашылдық енгізген. Бірақ бұған саудагерлер дайын болмай шықты. Сатушылардың сөзінше, карта қабылдайтын терминалдардың құны бірден қымбаттап кеткен.

 

Махфуза Юсупова, сатушы:

 

- Біз 6-дан 10-ға дейін істеп жатырмыз. Орнымызға салық төлеп жатырмыз, наннан 10 теңге, 5 теңге көреміз, болды. Кассалық аппаратты қалтамыз көтермейді.

Қарағанды облысында ертеңнен бастап бес қаладан өзге бір аудан орталығы мен бес ауыл карантинге жабылатын болды. Енді Ботақара, Мұстафин, Петровка, Доскей, Үштөбе және Көкпекті ауыдарына да кіріп-шығуға болмайды. Сонымен қатар елді мекендерде жолаушылар тасымалы толық тоқтатылады.

 

Себепсіз көшеде жаяу жүруге де рұқсат жоқ. Тұрғындар өзі тұратын немесе жұмыс істейтін жерден 1500 метр жерге ғана дүкен мен дәріханаларға бара алады. Аса қажеттілікпен банк немесе емханаға баруға рұқсат етілген. Саябақтар, гүлзарлар мен ойын алаңдары тегіс жабылады. Ал полиция патруліне көшеде жүрісінің жөн-жосығын түсіндіре алмағандар 26 мың теңге айыппұл арқалайды немесе 15 тәулікке қамалады. Тұрғындарды ертеңнен бастап, әсіресе қоғамдық көліктің тоқтайтыны алаңдатып отыр.

 

Аян Сатыбалдин, Қарағанды қаласының тұрғыны:

 

- Халықта қазір таксиге ақша жоқ. Қалай таксимен жүреді? Автобустың өзіне әзер жүргенде. Халықта ақша жоқ қой қазір, бәрін қысып тастады. Берем деп жатқан 42500 теңге де берілген жоқ. Тіршілік болуы керек, онсыз болмайды, жағдай бәрін  қысып тастады.

Бірер сағаттан соң, нақтысын айтқанда, кешкі 21:00-де Ақтөбеде тыныштық орнайды. Осы уақыттан бастап облыс орталығында карантин тәртібі күшейтілмекші. Бұған дейін тек шаһарға кірер қақпа жабылса, енді қала ішіндегі көлік қозғалысы да шектеледі.

 

Сондай-ақ барлық жұмыс орны тоқтайды. Мекемелерге қашықтықтан жұмыс істеу тапсырылған. Тек тұрғындардың тіршілігіне тікелей байланысты комуналдық кәсіпорындар мен зауыттар ғана жабылмайды. Ал қоғамдық көліктер тек үш мезгіл қаланы аралап шығады. Онда да таңғы сағат 8 – 22 арасында, түскі үзіліс кезінде және 6-18 арасында. Көшеде бейсауат жүруге болмайды. Тәртіп сақшылары «тексеруді күшейтеміз» деп отыр. Үйіне сыймай, ерігіп далаға шықандарды алдымен ескертіп, тыңдамаса, айыппұл салады, тіпті қамап тастамақшы.

 

Қала ішіндегі қоғамдық көлік қозғалысын тоқтатып, карантинді күшейтпеген әлі біраз аймақ бар. Дегенмен олар да осындай шешім қабылдауға мәжбүр болатын сияқты. Өйткені індет жұқтырғандар саны күн санап артып келеді. Бұрынғыдай вирус шетелден келгендерден емес, қала, ауыл-аймақта таралып жатыр.

 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.