Есік алдында арақ ішкен бір топ еркекке қылмыстық іс қозғалды
Карантинде көңіл көтергендер! Алматыда бір топ мас адам ұсталды. Олар есік алдына жиылып арақ ішкенімен қоймай, полиция қызметкерлерінің жағасына жармасқан. Сау басына сақина тілегендер жауапқа тартылып жатыр.
Автор: Салтанат Шырынхан
07.04.2020
Карантин кезінде үйден шығуға тыйым салынса да, құқық бұзу тыйылмай жатыр. Осылайша қаланың қақ ортасындағы үй ауласына жиылғандар таза ауада көңілді отырыс жасағысы келген болса керек. Алайда бұнысы сын сағат – беймезгіл уақытқа сай келген. Ащы суға сылқия тойғандар аумақты күзетіп жүрген учаскелік инспектордың ескертуін елемепті. Керісінше, олармен керіскен. Енді заң бұзғандарға қатысты ҚК-тің «Билік өкілінің талабына бағынбау» және «Билік өкіліне күш көрсету» баптары бойынша іс қозғалды.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
- Олар балалар ойнайтын орында спирттік ішімдік ішіп, кәдімгідей дастархан жайып, пикник ұйымдастырған. Бесеуі де қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша сараланды. Бұл баптар үшін қоса, 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі көзделуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!