Қазақстан көрші мемлекеттерге гуманитарлық көмек көрсетуге дайын
Қазақстан Орта Азиядағы коронавируспен күресіп жатқан көрші мемлекеттерге гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Отандық өнімдер тек сол елдің үкіметтері жәрдем сұраған жағдайда ғана жіберілмек.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
07.04.2020
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Қазақстан – аймақтағы көшбасшы ел. «Көшбасшы» деген жәй сөз емес. Сондықтан көшбасшы ретінде көмек көрсетуіміз керек. Кейбір көршілес мемлекеттер көмекке зәру болып отыр. Осындай мемлекеттерге көмек көрсетуіміз керек.
Қазақстан сондай-ақ, бір миллион тоннадан астам астықты шетел асырмақшы. «Бұл нарықты сақтау үшін керек», - дейді ауыл шаруашылығы министрі. Қазір елде 9 миллион тонна астық қоры бар. Елордадағы азық-түлік сақталған қойманы аралаған Қасым-Жомарт Тоқаев баға тұрақтылығына да мән берді.
Елде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты наурыздың онынан бастап азық-түліктің бағасы төрт пайызға өскен. Қазір әлеуметтік азық-түліктің тоғыз түрі бойынша бағаны тұрақтандыру көзделіп отыр. Сонымен қоса Қазақстан Өзбекстан мен Башқұртстаннан картоп алуы мүмкін. Өйткені елде екі айға ғана жететін картоп қалыпты. Президент азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауына жол бермеуді, алыпсатарлыққа тосқауыл қоюды, тұрақтандыру қорын толықтыруды тапсырды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!